Орман зиянкестерін жою жұмыстары жүргізіле ме?
Менің үйім орманды алқапқа жақын орналасқан. Сондықтан адамзатқа ең қажетті оттегін бөлетін ағаштардың сақталуына қатты алаңдаймын. Өз басым осы уақытқа дейін орман зиянкестерін жою жұмыстарының жүргізілгенін көрген емеспін. Осы тарапта қандай шаралар жүзеге асуда?
Шоқан ӘЛИҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы
Отандық ормандар экологиялық функциялар – климат реттеуші, санитариялық-гигиеналық, су қорғау және топырақ қорғау функцияларын орындайды. Экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі маңызды мемлекеттік міндеттерді шешуге сәйкес, өсіп тұрған ормандарды сақтау және орманды жерлерді көбейту бірінші кезектегі міндет болып табылады. Қолданылып жатқан шаралар шеңберінде басты бағыттардың бірі ормандардағы патологиялық жағдай болып отыр. Орман аурулары мен зиянкестерінен сүректің жыл сайынғы шығыны 1,0 мың гектарға дейін қылқанды және жапырақты тұқымдыларды немесе 50 млн теңге соманы құрайды. Осы жылғы санитариялық шолу деректері бойынша орман аурулары мен зиянкестері ошақтарының жалпы көлемі 170 мың га, оның ішінде облыстық әкімдіктерінің орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінде – 136 мың га, сонымен бірге ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 34 мың га-ға жетеді. Орманның зиянкестері мен ошақтарын химиялық және биологиялық препараттармен жою жөнінде іс-шаралар жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген пестицидтер пайдаланылады. Орман зиянкестері мен ауруларының ошақтарын жою жөніндегі іс-шаралар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда олардың арнайы режимдерін ескере отырып жүргізіледі.