Дін мамандарының айтуынша «Оразаның келуімен хабарлаған адам тозақтан аман қалады» немесе «тозақ оты оған харам болады» деген хадис жоқ.
Және әлгіндей болмашы іс үшін көп дүниені уәде ететін хадистер көбіне ойдан шығарылған «жалған хадистер» болып келеді[1].
Хадис – діннің Құраннан кейінгі негізгі қайнар бұлағы. Жалған хадистер көбейсе діннің ақиқаттығына көлеңке түсіп, сафтығы кірбің шалады. Сондықтан да, хадис ретінде тарататын дүниелердің дұрыс-бұрыстығына аса мән берілген жақсы.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахих бір хадисінде: "Кім менің атымнан әдейі жалған сөйлетін болса, тозақтағы орнына дайындала берсін", - деп қатаң ескерткен[2].
Басқа бір «сахих» хадисте: "Кімде-кім өтірік екендігі білініп тұрса да хадис риуаят етер болса (жалған екендігін біле тұра өзгеге айтса "хадис" деп), ол да өтірікшілердің бірі", - делінеді[3].[4]