Ораза кезінде ине салдыруға бола ма?
Әйелім ораза ұстап жүріп кенеттен ауырып қалды. Дәрігерлер оған ине салдырып емдеу қажет екенін айтып отыр. Кейбір молдалар ине ектіру оразаны бұзады десе, кейбіреулері бұзбайтынын айтады. Осы жағын анықтап жазып жіберсеңіздер?
Асқар Тоқпанбаев, Алматы қаласы
Ине салдырудың оразаны бұзып-бұзбауына байланысты кейінгі Ханафи ғұламалары арасында екі түрлі үкім бар. Молдалардың екі түрлі жауап айтатын себебі сол. Егер Әбу Ханифа «терең жараға жағылған дәрілік майдың оразаны бұзатындығы» жайлы айтса, оның шәкірттері Әбу Юсуф пен Мұхаммед «терең жараға жағылған дәрілік май оразаны бұзбайды» деп, Рамазан айында ине ектіруге болатындығын алға тартқан. Сондықтан жоғарыдағы қай пікірді таңдаса да, ұстанса да негізгі жауапкершілік таңдаушыға тән. Негізі, дініміз сырқаттанған немесе ем қабылдап жүрген кісілердің ораза ұстамауына рұқсат еткен. Ал ауырса да көпшілікпен бірге ораза ұстап, Рамазан айының қасиетінен құр қалғысы келмеген кісі екінші топтағы фиқһ ғалымдарының пікіріне сүйеніп, ораза кезінде ине қабылдай беруіне болады.