Теңіз түбінде бірнеше жыл жатқан, 200 миллион доллардан артыққа бағаланған қазына-байлық табылғаны жайлы естідім. Бұл қазынаны қай теңізден және кімнің тапқаны туралы қандай да бір мағлұмат бере аласыздар ма?
Тылсым ӘСЕМҚҰЛОВА, Қостанай облысы
Сіздің бұл сұрап отырғаныңыз Атлант мұхитының түбінен табылған, Екінші дүниежүзілік соғыста суға батқан Британ кемесі жайлы ақпарат болса керек.
Би-Би-Си телерадиокорпорациясы таратқан мәлімдемеге қарағанда, Атлант мұхитының түбінен, бортында құны 150 миллион фунт стерлинг (шамамен 240 миллион АҚШ доллары) болатын бағалы тастар тиелген, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде суға батқан кеме табылған. 1941 жылы Үндістаннан Британияға 200 тоннаға жуық күміс алып бара жатқан кемені Герман сүңгуір қайығы суға батырып жіберген. Сол сәтте кемеде болған 85 адамның біреуі ғана аман қалған екен. Британдық «Герсоппа» атты кемені Американың Odyssey Marine компаниясы тапқан. «Біз жобаның бірінші бөлігі – батқан кемені тауып, анықтау тапсырмасын орындадық. Енді оны су бетіне шығару жоспарын әзірлейміз», – деп мәлімдепті жоба басшыларының бірі Эндрю Крэйг.
Кеме 4700 метр тереңдікте жатқан көрінеді және оны су бетіне шығару 2012 жылдың көктеміне жоспарланып отыр дейді компания басшылары.
Келісімшарт бойынша қазына-байлықтың 80 пайызы Американың Odyssey Marine компаниясына тиесілі болады.
Мұхит түбінен қазына-байлық табылды
Последние статьи автора