Мұрныңыз жиі қанаса, дәрігерге көрінген абзал
Мұрнымнан оқыстан қан ағатын болды. Ауа райының әсері ме деп ойлаймын. Мұрынның жиі қанауына не себеп?
Сағира Ниязова, Атырау қаласы
Дәрігерлердің айтуынша, мұрынның жиі қанауына, негізінен, мұрын қуысының жаралануы, гипертония, жүрек ақауы, өкпе эмфиземасы, бауырдың зақымдануы немесе басқа да қан тамыр аурулары себеп болуы мүмкін. Мамандар мұрынның қанауын сипатына қарай үшке бөледі. Алғашқысы – мұрын қуысынан тамшылап қана қан бөлінуі, мұның айтарлықтай қаупі жоқ, дегенмен ол созылмалы аурудың бастапқы белгісі болуы ғажап емес. Қалыпты қан ағу деп – дәрігерлер бір мезгілде мұрыннан 200 мл-ге дейін қызыл сұйықтық бөлінуін айтады. Мұндай жағдайда қан адамның өңешіне құйылуы да мүмкін. Кішкентай балалардың мұрын қаны асқазанына кеткен кезде, құсып, іші өтіп, артериялық қысымы төмендейді. Үшінші жағдай – мұрыннан 1 литрге дейін қан кетуі. Бұлардың барлығының да себебі қан тамыр жүйесіндегі ақаудан болуы ықтимал. Сондықтан дер кезінде дәрігерге көрінген абзал. Мамандар қан кеткен кезде 15-20 минут мұрынды дымқыл мақтамен немесе дәкемен көлегейлеуге кеңес береді.