Мажоритарлық – тікелей, пропорционалдық – жанама
Биылғы жылдың басында Парламент Мәжілісінен екі-үш депутат өз еріктерімен мандаттарынан бас тартып, олардың орнына басқа азаматтар депутат болды. Осыған байланысты сұрайын дегенім, жаңадан депутат болған азаматтарды кім және қалай сайлады?
Гүлбаһрам Абылқасым, Астана қаласы
Сайлаудың екі түрі болады. Мажоритарлы және пропорционалды. Қазақстан сайлаудың бұл екі түрін де тәжірибеден өткізген. Мажоритарлы жүйе бойынша, бір мандатты округтен көп дауыс алған адам сайлана алады. Ал пропорционалды жүйеде саяси партияларға дауыс беріледі. Және белгілі бір кедергілерді бағындырған саяси күштер ғана жеңіске жете алады. Бұрындары мажоритарлық жүйе бойынша Парламентке өкілдер сайлаған болатынбыз. Ол кезде депутат басқа қызметке ауысса, не болмаса басқа да жағдайларға байланысты депутаттық мандаттан бас тартса, ол азаматтың сайланған округінде сайлау ұйымдастырылатын. Ал Қазақстанның 2007 жылы өзгертілген Конституциясы бойынша елімізде пропорционалды жүйе қолданылып келеді. Бұл жүйе бойынша халық сайлауда саяси партияларға сенім білдіреді. Ал жеңіске жеткен партия съездерінде алдын ала жасалған тізім бойынша партия мүшелеріне депутаттық мандат тапсырады. Яғни халық сеніміне ие болған партия билік органдарына кімді өткізетінін өзі шешеді. Ал егер депутат белгілі бір себептерге байланысты өз қызметін жалғастыра алмайтын болса, онда ол азаматтың мандаты партия тізімі бойынша резервте тұрған азаматтардың біріне тапсырылады. Сондықтан Нұрлан Өнербай, Зейнолла Алшымбаев, Зағипа Балиева сынды жаңа депутаттарға Мәжіліске бару үшін сайлау өткен жоқ.