МАГАТЭ туралы толығырақ білгім келеді. Бұл халықаралық ұйым немен айналысады және ұйымға қанша ел мүше болып саналады?
Бекен Нұрғалықов, Алматы облысы
Атом Қуаты Халықаралық Агенттігі (АҚХА, яғни МАГАТЭ) – ядролық қаруды таратпау тәртібін қолдау, атом қуатын бейбіт мақсатқа қауіпсіз пайдалану жолындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен кеңейту мәселелерімен айналысатын үкіметаралық тәуелсіз ұйым. БҰҰ жүйесіне кіргенімен онымен арнайы келісім негізінде қарым-қатынас орнатып, өз қызметі туралы БҰҰ Бас ассамблеясы мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жыл сайын мәлімет береді. Қазір оған 125 ел мүше. Қазақстан Агенттікке 1994 жылы мүше болып кірген. Ұйым бюджеті – 256 млн АҚШ долларынан астам. Атом қаруы бар мемлекеттерде (Ресей, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, ҚХР) ядролық қондырғылардың бір бөлігі өз еркімен АҚХА бақылауына қойылған. Израильдегі, Үндістандағы, Пәкістандағы бірқатар қондырғылар Агенттіктің бақылауынан тыс қалып отыр. АҚХА-ның маңызды қызмет ету салалары – атом қуатын бейбіт мақсаттарда пайдалану, осы салада техникалық көмек көрсету, атом электр стансыларының (АЭС) қауіпсіздігін арттыру, радиоактивті қалдықтарды залалсыздандыру, радиоизотоптарды медицинада, т.б. халық шаруашылығында пайдалану. Басқарушы органдары: мүше елдердің жыл сайын шақырылатын Бас конференциясы, 35 адамнан тұратын Басқарушылар кеңесі және ағымдағы жұмыстарды іске асырушы екі мыңнан астам қызметкері бар хатшылар тобы, соңғысын бас директор басқарады. Штаб-пәтері Венада орналасқан.