Күзетші мен күзет қызметшісі екі бөлек
Тауар саудасымен айналысатын мекеменің қазандық операторы қызметкері едім. Жазда күзетші қызметкері етіп ауыстырды. Алайда бұрын сотталғанымды біліп, мені жұмыстан босатты. Осы заңды ма?
Мақұлбек МҰРАТБЕКОВ, Тараз қаласы
Мамандардың айтуынша, Күзет қызметі туралы Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 19 қазандағы № 85 заңының күші жеке күзет ұйымдарына, жеке күзетшілерге, дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың күзет бөлімшелеріне, мемлекеттік органдардың ведомстволық күзет бөлімшелеріне қолданылады. Осы заңның күші, егер ішкі істер органдары туралы Қазақстан Республикасының заңдарында, Президенті мен Үкіметінің актілерінде өзгеше көзделмесе, ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелеріне қолданылады. Яғни осы заң бойынша «қасақана қылмыс жасағаны үшiн сотталғаны бар адамдарды қабылдауға болмайды» деген талап тек жеке күзет ұйымдарының күзетшілеріне (охранник), жеке күзетшілерге (частный охранник), дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың күзет бөлімшелерінің, мемлекеттік органдардың ведомстволық күзет бөлімшелерінің күзет қызметшілеріне қатысты қойылады. Осы орайда, аталған жұмысшыны тек күзетші (сторож) ретінде тағайындауға болады, себебі: жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына сәйкес, күзетші «жұмысшылар» санатына, ал күзет қызметшісі (охранник) қызметшілер санатына жатады. Сондықтан сізді жұмыстан шығаруы – заңсыз.