Көздегі ет қайдан пайда болады?
Баламның көзіне ет өсіп келеді. Таныстарым оған операция жасату қажеттігін айтады. Өзім баламды пышаққа салуға қорқып отырмын. Білейін дегенім, бұл қандай ауру және оны өз бетімізше емдеуге бола ма?
Сәлима ҚОҢЫРБАЙҚЫЗЫ, Алматы қаласы
Бұл аурудың аты – птеригиум. Ол желді күні көзге шаң түскеннен, жел тигеннен бастау алады. Содан көздің бір шетінен (бұрышынан) немесе астынан жоғары қарай өсе бастайды. Птеригиумды тек хирургиялық жолмен емдеу керек. Оны үйде өз бетінше емдеуге, жәрдемі болар деп халық емін қолданып, асқындырып алуға болмайды. Операцияны мүмкіндігінше өскен ет көз қарашығына жетпей жатып жасатқан дұрыс. Әйтпесе көз алды мұнарланып, көру қабілеті нашарлауы мүмкін. Жалпы, көзді жел мен шаңнан, тікелей түскен күн сәулесінен қорғап жүру керек. Ал бөгде зат түсе қалса, екі-үш күнде қызарғаны басылмаса, дәрігерге баруға ерінбеңіздер. Өз денсаулығыңыз өз қолыңызда екенін ұмытпаңыздар.