Соңғы уақытта киберқылмыскерлер туралы жиі естимін. Қылмыстың мұндай түріне нелер жатады?
Марат Бейсенұлы, Алматы облысы
Интернет бұрынғысынша ешкіммен бақылауға алынбайтын, виртуалды еркін кеңістік болғандықтан, қазіргі ақпараттық технологиялар мүмкіндігін қылмыстық қоғамдастықтар белсенді пайдалануда. Нәтижесінде, қылмыстық әрекеттердің жаңа түрлері – киберқылмыстар пайда болды. Қылмыстың бұл түріне мыналар жатады: электронды-есептеу машиналары жұмысына заңсыз араласу, компьютерлік ақпаратты ұрлау, иемдену және күшпен алу, ақпараттық ресурстарға қашықтан шабуыл жасауды ұйымдастыру, ақпаратты жою, жинау және өзгертуді жүзеге асыратын компьютерлік вирустарды тарату. Сарапшылардың мәліметінше, қазіргі уақытта мемлекеттік ақпараттық жүйелерге жасалатын шабуылдар саны шұғыл өсуде. Мұндай шабуылдар атомдық және басқа да маңызды объектілердің, мұнай және газ құбырларының, электр стансыларының, теміржолдардың, әуежайлардың, сумен жабдықтау объектілерінің басқару жүйелерін қатардан шығаруы мүмкін. Сондықтан да киберлаңкестікті кейде ядролық, бактерия қолданылатын және химиялық қарулар әрекетінің қолдану әсерімен салыстырады. 2001 жылғы Еуропа, АҚШ, Канада және Жапон елдері Кеңес мүшелерінің өкілдері Еуропа Кеңесінің «Киберқылмыс туралы» Конвенциясына қол қойды. Қазақстан тарапы болса Ресей, Украина, Өзбекстан сынды елдермен бірігіп, аталған қылмыс түрімен күресті ТМД көлемінде бірлесіп жүргізуде.