Жәрдемақы тағайындау кезінде «азық-түлік себеті, ең төменгі күнкөріс деңгейі, кедейшілік шегі»
Зейнеп ТОҚТЫБАЕВА, Оңтүстік Қазақстан облысы
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес кедейлік шегі, азық-түлік себеті ең төмен күнкөріс деңгейінің негізінде айқындалады. Ең төмен күнкөрiс деңгейi – мөлшерi бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға қажеттi ең төмен ақшалай кiрiс. Азық-түлік себетінің құны ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң 60 пайызы, ал кедейлік шегі 40 пайызды құрайды. Республика бойынша 2010 жылдың I тоқсанына: ең төменгі күнкөріс деңгейінің орташа мөлшері – 12 357 теңге; кедейлік шегінің орташа мөлшері – 4943 теңге; азық-түлік себеті құнының орташа мөлшері – 7414 теңге. Ең төмен күнкөрiс деңгейi республика бойынша және аймақ бойынша орта есеппен жан басына және халықтың жыныстық, жас топтары бойынша тоқсан сайын есептеп шығарылады. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша аталған көрсеткіштер мөлшерін нақты білу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласуыңызға болады.