Іссапар барысында жалақы сақтала ма?
Мен мемлекеттік мекеме қызметкерімін. Жақында алыс аймақтардың біріне іссапармен шықпақпын. Іссапар мекеме тарапынан қаржыландырылады. Бірақ осы аралықта менің жалақым уақытша тоқтатыла ма, әлде сол қалпында сақтала ма?
Сабыр ҚОЗЫБАЕВ, Алматы
ҚР Еңбек кодексінің 1-бабына сәйкес, жұмыс берушiнiң өкiмi бойынша қызметкердi тұрақты жұмыс орнынан тыс жерге белгiлi бiр мерзiмге еңбек мiндеттерiн орындау үшiн жiберу, сондай-ақ қызметкердi басқа жерге оқуға, бiлiктiлiгiн арттыруға немесе қайта даярлауға жiберу iссапар болып табылады. Кодекстің 152-бабына сәйкес іссапар уақытында қызметкердiң жұмыс орны мен жалақысы сақталады. Іссапарларға жіберілетін қызметкерлерге:
1.қызметтiк iссапарда, оның iшiнде жолда болған күнтiзбелiк күндерi үшiн тәулiктiк төлемдер;
2.баратын жерiне дейiнгi және керi қайтудағы жол жүру шығыстары;
3.тұрғын үй жалдау шығыстары төленедi.
Қызметкерлердi iссапарларға жiберудiң талаптары мен мерзiмдерi еңбек шартымен, ұжымдық шартпен немесе жұмыс берушiнiң актiсiмен айқындалады. Кодекстің 328-бабына сәйкес, ұйымдардағы Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттiк бақылауды мемлекеттiк еңбек инспекторлары жүзеге асырады.