Ғылымның дамуы қай кезде және қай елден бастау алған?
Баз біреулер «ғылым Шығыстан бастау алды» десе, енді біреулер «ғылым Батыстан бастау алған» деп таласып жатады. Осы орайда менің білгім келгені, жалпы, ғылымның дамуы қай кезде және қай елдерден бастау алған?
Өмірбек РЫМҒАЛИЕВ, Шығыс Қазақстан облысы
Деректерге сүйенер болсақ, ғылым адамзат қоғамының ерте дәуірінен, адам баласының танымдық және өндірістік қажеттілігінің арасы ажырамай тұрған кезеңнен бастау алады. Болашақ ғылымға негіз болған білімнің алғашқы нышандары Ежелгі Шығыста (Бабыл, Мысыр, Үндістан, Қытай) қалыптасқан. Оның алғышарты ретінде мифологияны атауға болады. Онда алғаш қоршаған орта туралы бүтін, тұтас, жан-жақты танымдық жүйе қалыптастыруға ұмтылыс болды. Бірақ танымның бұл формасы өзінің діни-антропоморфты сипатына байланысты нағыз ғылымнан алшақ жатқан еді. Ғылымды қалыптастыру мифологиялық жүйені сынау мен бұзуды талап етті. Ғылымның қалыптасуы үшін басқа да әлеуметтік жағдайлар: қоғамдық қатынас пен өндіріс дамуының жоғары деңгейі (ой еңбегі мен дене еңбегінің бөлінісі арқылы жеке тұлғалардың ғылыммен жүйелі түрде айналысуға мүмкіндік тудыру), сондай-ақ әртүрлі халықтар мен мәдениеттерді еркін қабылдау мүмкіншілігіне жеткізетін бай және жан-жақты мәдени дәстүрдің болуы қажет еді. Мұндай жағдай біздің заманымыздан бұрынғы VІ ғасырда Ежелгі Грекияда (Фалес, Демокрит т.б.) қалыптасып, табиғи бастау арқылы болмысты түсіндіретін мифологияға қарама-қарсы теориялық жүйе пайда болды. Мифологиядан бөліне отырып, теориялық натурфилософиялық білім синкретті түрде өзіне ғылым мен философияны танымдық бағытта біріктірді. Ежелгі Грекияда дамыған ғылым (Аристотель т.б.) қоғам мен табиғат заңдылықтарын ашып, мәдениет тарихында ұлы рөл атқарды, олар ғылымның ерекше тәсілі – дәлелдеу негізін қалыптастырды. Осы дәуірде білімнің кейбір салалары даралана бастады. Ежелгі грек ғылымның эллинистік кезеңінде геометрия (Эвклид), механика (Архимед), астрономия (Птолемей) жеке ғылым салалары түріне бөлініп шықты.