Ғарышқа ұшқан жануарлар
Ғарышқа ғылыми тәжірибе үшін жануарлардың ұшқаны белгілі. Олар ғарышта қандай тапсырмаларды орындағаны туралы білгім келеді?
Манас ЖӘНІБЕКҰЛЫ, Семей қаласы
1957 жылы 3 қарашада ғарышқа ұшу арқылы адамзатқа жол ашып берген жануар – Лайка есімді төбет ит. Ол мінген кеменің түсу аппараты болмағандықтан, атмосфераның жоғарғы қабаттарының бірінде спутникпен бірге жанып кеткен болатын. 40 жылдан кейін тұңғыш ғарышкер-иттің құрметіне Әуе және ғарыш медицинасы институты зертханасының алдында ескерткіш тақтайша қойылды. Лайкадан кейін мамандар төрт жыл бойы ғарышқа жануарларды ұшырып жүрді. Қос-қостап тышқан, қоян, жәндіктер де ұшқан болатын. Белка мен Стрелка есімді иттердің сапары сәтті болған соң ғана ғарышты игеруге алғашқы адам Ю.Гагарин кеткен болатын. Сонымен қатар маймылдар да бұл тәжірибеден табылды. Оларға арнайы еркін созылуға арналған киім тігілді. Өйткені олар, нысананы танып, көз, аяқ, қол арқылы жұмыс істеп, дабыл дыбысына тез арада басу арқылы жауап бере алу керек болған. Осындай тәжірибеден тритондар, қара қоңыздар, жеміс шыбындары, ұлулар, төмен және жоғары өсімдіктер өткен болатын. Дайындық барысында ғалымдар тек маймылдардың ғана тапсырманы екі айда игеріп, адамға жетеғабыл іс істейтіндігін анықтаған. Мысалы, жылдамдығын тексеруде, «нысананы өшіруде» маймылға 19 минут, ал адамға бір сағат уақыт кеткендігі белгілі болған.