Есепші-калькулятор маманға жалақы қалай төленуі тиіс?
Мектепте есепші-калькулятор болып жұмыс істейтін орта білімді маманға жалақы қалай төленуі тиіс?
Әсем АЙМАҒАНБЕТОВА, Ақтөбе облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №1400 қаулысымен реттеледі.
Қаулының 3-тармағына сәйкес ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары (ставкалары) (ЛЖ) атқаратын лауазымдарының лауазымдар санаттарына жатқызылуына және мамандығы бойынша жұмыс өтіліне, тағайындалған біліктілік разрядтарына (жұмысшылар үшін) қарай лауазымдық жалақыларын (ставкаларын) есептеу үшін бекітілген тиісті коэффициенттерді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген базалық лауазымдық жалақының (БЛЖ) мөлшеріне көбейту жолымен айқындалады.
Қаулыға 1-қосымшамен бекітілген Азаматтық қызметшілердің санаттар бойынша лауазымдарының тізіліміне сәйкес біліктілігі орта деңгейдегі есепшіге еңбекақы төлеу G-13 санаты бойынша жүргізіледі.
G-12 санаты бойынша еңбекақы төлеу біліктілігі орта деңгейдегі аға мамандарға жүргізіледі.