Елші де електен өтеді
Елшілер өзге елдерге дипломатиялық жұмыс бабымен ауысқанда барған елдің келісім беру процесі қалай іске асырылады?
Жанна, Алматы облысы
Елшілік — бір мемлекеттің екінші мемлекеттегі елшісі басқаратын дипломатиялық өкілдігі. Елшілік құрамына елшіден басқа ресми дипломатиялық қызметкерлер және қызметшілер енеді. Елшілікті төтенше және толық құқықты елші басқарады. Елші – хаттамалық қатынас бойынша ең жоғарғы дәрежедегі дипломатиялық өкілдіктің басшысы. Елші мемлекеттердің өзара келісімімен тағайындалады. Ол тағайындалмас бұрын мына сатылардан өтеді: агреман сұрау; (агреман – (фр. agrément – келісім) – жолдаушы мемлекет дипломатиялық лауазымға тағайындаған тұлғаға қабылдаушы ел билігінің келісімі. Агреман жолдаушы мемлекеттің сыртқы істер министрлігі арқылы тек дипломатиялық өкілдіктің басшысынан ғана жазбаша түрде сұратылады. Агреман жөніндегі жазбалар жария етілмеуі тиіс. Агреман беруден бас тартқан жағдайда дипломатиялық өкілді жолдаушы мемлекеттің оның себебін түсіндіруді талап етуге қақысы жоқ) қызметке тағайындалуы; тағайындалған елге келуі; сенім грамотасы тапсырылған соң қызметке ресми түрде кірісуі.
Елшінің негізгі міндеттері: Өзін аккредиттеуші мемлекетпен оның азаматтарының мүддесін қорғау; Өзі орныққан ел өкіметімен келіссөздер жүргізу; Аккредиттеуші мемлекет пен өзі орныққан мемлекет арасында өзара достық қарым-қатынасты дамыту; Елші аккредиттеуші елдің атынан сөйлейді. Елшілік қызметкерлерінің пайдалана алатын белгілі бір жеңілдіктері бар. Мысалы: жеке басына, тұрғын үйіне қол тигізбеу, кедендік жеңілдік, мемлекет ішінде еркін жүру құқы. Елшілік ұстау шығыны әр мемлекеттің өз мойнында.