Елімізде қанша өзен бар?
Көктем келсе, еліміздің өзен-суларының тасу қаупі туралы жиі айтыла бастайды. Елімізде барлығы қанша өзен-көл бар?
Бақберген ДӘУЛЕТҚАЛИЕВ, Алматы қаласы
ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстан аумағында ірі және шағын 8500 өзен бар. Ұзын өзендердің қатары – жетеу. Олардың әрқайсысы мың шақырымнан алысқа ағып жатыр. Елдің батыс аймағындағы Жайық пен Ембі, солтүстік-шығысындағы Ертіс пен оның Тобыл, Есіл салалары, оңтүстіктегі Сырдария мен Іле ең ірі өзендер саналады. Көлдерге келсек, олардың саны 48 мыңнан асады. Арал теңізі, Балқаш, Зайсан, Алакөл мен Теңіз – еліміздің ең ірі көлдері. Бұлардан бөлек, Қазақстанда жалпы ауданы 8816 шаршы шақырым болатын 12 ірі суқойма бар. Ең ірі суқойма – Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма. Сонымен бірге Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауы да (2340 шақырым) еліміздің су жүйесін құрайды.