Елімізде алты ұлт театры бар
Республикамыздың ең ірі театрлары қанша? Қазақ, орыс театрларынан бөлек, өзге ұлт театрлары бар ма?
Нысанбек РЫСБЕК, Көкшетау қаласы
Қазақстанда кәсіби 35 театр бар. Оның ішінде тоғыз қазақ драма театры – Ақтөбеде, Алматыда, Атырауда, Тараз бен Қарағандыда, Қызылордада, Оралда, Талдықорғанда, Шымкентте; алты қазақ музыкалы драма театры – Арқалықта (1972 жылдан, 1988 жылы Жезқазғанға қоныс аударды), Жетісайда, Көкшетауда, Павлодарда, Семейде, Түркістанда; екі балалар мен жасөспірімдер театры (1947 жылдан – қазақ, ал 1945 жылдан – орыс театры); неміс драма театры (1980 жылы – Теміртау, қазір Алматы қаласында); үш музыкалы комедия театры – орыс (Қарағанды), ұйғыр (Алматы) және корей ( Алматы); бес қуыршақ театры Алматыда (қазақ және орыс труппалары), Ақтөбе мен Жезқазғанда, Ақтауда және Шымкентте жұмыс істейді. Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Ғ.Мүсiрепов атындағы Қазақ мемлекеттiк академиялық балалар мен жасөспiрімдер театрынан бөлек, екі орыс, бір-бірден кәріс, неміс, ұйғыр театрлары бар.