Қазақстан Интерпол – Халықаралық қылмыстық полиция ұйымына қашан мүше болды? Интерполдың елімізде қандай да бір мекемесі бар ма?
Нұрбек, Алматы облысы
Интерполдың тарихы 1923 жылдың 7 қыркүйегінен басталады. Халықаралық полиция конгресінде 20 елдің 138 өкілі Халықаралық қылмыстық полицияның комиссиясын құрды және оның жарғысын қабылдады. 1956 жылы Халықаралық қылмыстық полиция комиссиясы «Интерпол – халықаралық қылмыстық полиция ұйымы» болып өзгертілді. Қазіргі уақытта ұйымға әлемнің 186 мемлекеті кіреді. Қазақстан Республикасы 1992 жылдың 4 қарашасында Дакар қаласында (Сенегал) Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы бас ассамблеясының 61-сессиясында Интерполға қабылданды. «Халықаралық қылмыстық полиция ұйымына (Интерпол) Қазақстан Республикасының кіруіне байланысты іс-шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 20 шілдедегі №629 қаулысымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратында Интерполдың Ұлттық орталық бюросы құрылды.
Осы күннен бастап Қазақстан Интерпол арқылы қылмыскерлерді және із-түзсіз жоғалған адамдарды халықаралық іздестіру мүмкіндігін пайдалануда.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасындағы Интерпол ҰОБ заңнамаға сәйкес, өз өкілеттіктері шеңберінде қазақстандық құқық қорғау органдарының Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуропол және басқа да халықаралық ұйымдармен және құқық қорғау институттарымен өзара іс-қимыл жасасуды жандандыру жөнінде шаралар қабылдауда.
Еліміз Интерполға қашан мүше болды?
Последние статьи автора