Дзюдоға неше жаста барған дұрыс?
Бес жасар ұлымды дзюдо үйірмесіне бергім келеді. «Қабырғасы қатпаған баланы осы күрес түріне ерте берсем, денсаулығына кері әсерін тигізіп жүрмей ме» деп алаңдаулымын. Қандай ақыл қосасыздар?
Қабдолла Дәулетбайұлы, Жезқазған
Сізге нақты жауап беру үшін арнайы барып, дзюдошы Асхат Жіткеевтей Олимпиада жүлдегерін тәрбиелеп, баптап шығарған ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жексенбай Саламатовпен тілдесіп қайтқан едік. Бұл сауалға Жексенбай Нұрлыбайұлы:
– Негізі, баланы күрес үйірмелеріне жеті жастан асқаннан кейін ойланбай әкеле берсеңіз болады. Алматы қаласында бес жасынан бастап қатысып жүрген балалар бар. Бірақ жеті жастан асқаннан кейін келсе, есі кіріп қалған бала айтқаныңды түсінеді. Бізде темірдей тәртіп қалыптасқан, кешігуге болмайды. Дәйексіз себептерге байланысты жаттығу жұмыстарынан қол үзуге болмайды. Ең бастысы, баланың өзінің жүрек қалауы болуы керек. Ынта жоқ болса, қанша үйреткеніңмен ештеңе шықпайды. Біз спортшыларға қатаң талап қойып, көп дайындаймыз. Оның бәріне шыдау керек болады. Жалпы, дзюдоның бала денсаулығына пайдасы болмаса, кері әсері жоқ. Әлемде дзюдомен айналысушылар саны алдыңғы қатарда тұр ғой. Бұл – әдемі, пайдасы көп спорт түрі, – деп жауап берді.