Боксшыға бинт не үшін қажет?
Бокс үйірмесіне қатысып жүргеніме көп бола қойған жоқ. Жақында қалаға барып қайтқан ағам қолға орайтын бинттер әкеліп берді. Менің білгім келгені, орауыш бинттер боксшыға не үшін қажет және олар белгілі бір стандартқа негізделіп жасала ма? Елдос ЖОЛДАСБЕКОВ, Алматы облысы, Балқаш ауданы
Бокста орауыш бинттердің маңызы өте жоғары. Ол соққы жұмсау барысында саусақтарды сынып кетуден сақтайды. Сондықтан кез келген жекпе-жекте қолға орауыш бинт байлап шығу талап етіледі. Халықаралық ережеде бекітілгендей, әуесқой бокста пайдаланылатын бинттің ені – 4-5 см, ал ұзындығы – екі метр болуы тиіс. Ал кәсіпқой бокстағы бинттің ені – 5 см, ұзындығы бес метр болуы міндетті. Сондай-ақ әуесқой бокста боксшылар бинтті бас төреші немесе ұйымдастырушылар бекіткен арнайы екі маманның көзінше қолдарына орауы керек болса, кәсіпқой бокста төрешінің өзі бинтті тексеріп беруі тиіс. Айта кетейік, қолға орайтын бұл бинттерді сулауға және дымқылдауға болмайды. Ал оны қолға қалай орау керектігін мына суреттен көре аласыздар.