Бізде вегетациялық кезең деген ұғым бар ма?
Көктем басталды. Көп елдердің тәжірибесіне жүгінсек, осы кезде вегетациялық, яғни өсімдіктерді дамыту шаралары басталады. Қазақстанда осындай тәжірибе бар ма?
Ж.Асанбек, Қызылорда облысынан
Құзырлы сала мамандарымен хабарласқан едік, біздің елде де вегетациялық кезең басталып кетті. Нақтырақ айтсақ, сәуір айының басында.
Қазақстанның оңтүстік аймақтарында алдағы вегетациялық кезеңге дайындық жұмыстары жүргізіле бастады.
Су ресурстары комитетінің бассейндік инспекциялары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, барлық су шаруашылығы жүйелерін – суару каналдарын тазарту және су нысандарында, реттегіш құралдарында, бекеттерде жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Осы шараға жауапты саланың бассейндік инспекциялары Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстары әкімшіліктерінің ауыл шаруашылығы басшылығымен, және аудандық әкімдіктерінің кәсіпкерлік, ауыл шаруашылық бөлімдерімен бірігіп жерлердің жуылуы және суарылуы үшін қажетті су пайдалану лимиттерін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Су ресурстары осы жұмыстың нәтижесінде бекітілген суару жоспарлары негізінде бөлінеді.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Су кодексінің 121-бабының 3-тармағына сәйкес, шағын су объектiлерiнiң су ресурстарын арнайы су пайдалану тәртiбiмен пайдалану – су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган. Осындай су пайдаланудың салдарларын зерттегеннен кейiн және мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда ғана мүмкiн болады екен.