«Біржан-Сара» – ресейлік режиссер көзімен
Астанада «Біржан-Сара» операсын ресейлік режиссер сахналамақшы екен. Аталған қойылым туралы толығырақ мәлімет берсеңіздер.
Айман, студент
Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, қазақтың көрнекті композиторы Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығына орай алдағы 8 қарашада «Астана Опера» театрында композитордың үздік шығармаларының бірі – «Бiржан-Сара» операсы Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Юрий Александровтың қойылымында ұсынылады.
Ресейлік режиссер қойылым туралы өз ойымен бөлісе келе, «музыкалық театрда мен кісі өлімін мүлдем мойындамаймын, менің ойымша, бұл жерде басқа өлім, сол себепті кісі өлімі өмірде, театр сыртында қала берсін. Біз қойылым соңын өзгертіп, Біржанды өмірге әкелеміз, себебі мен өнерді өлтіруге болмайды деп есептеймін. Біз бір өзгеріс енгіздік: екінші акт кезіндегі Біржан мен Сараның бір-біріне ғашық екені анықталатын дуэтті соңына қойдық», – дейді.
Операның жаңа музыкалық редакциясының авторы – Абзал Мұхитдинов. Басты партияларды орындайтындар: опера сахнасының жұлдыздары Қазақстан және Татарстан Республикаларының Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева және Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Ахмет Ағади.
Алтынайдың рөлінде – белгілі опера әншісі Дина Хамзина, Естайдың партиясын Бейімбет Таңарықов ойнайды.