Бір мектептен бір мектептің несі артық?
Әдетте бір әнші не күйші туралы әңгіме айтылғанда, «ол бәленше мектептен» шыққан деп жатады. Жалпы, әншілік дәстүр неше мектепке бөлінеді және олардың қандай ерекшеліктері бар?Есен ШАЙМАРАН, Өскемен қаласы
Халықтық ән дәстүрінде орындаушылық ерекшеліктеріне қарай аймақтық мектептерге бөліп қарастыру қалыптасқан.
1. Арқа мектебі қазақы әншіліктің мейлінше дамыған саласы болып табылады. Арқа мектебінің өкілдері деп Біржан, Ақан, Балуан Шолақ, Майра Уәлиқызы, Шашубай, Тайжан, Әміре сынды саңлақтарды атауға болады. Арқа әндері біркелкі еркін ырғақпен айтылады, диапазоны мейлінше кең болады.
2. Жетісу мектебі қазақтың көне әндерінің, әсіресе халықтық әуендердің мол сақталған әншілік өнер шоғыры саналады. орындалуы мен домбырада сүйемелденуі Арқа әндеріне ұқсас, бірақ жайлы, жұмсақ сазды келеді. Жетісу әншілігінің көрнекті өкілдері ретінде Жамбыл, Кенен, Қапез, Пішан, Дәнеш Рақышевтарды атай аламыз. Жетісу ән мектебінің кәсіби тұғырын қалаған – Ж.Кәрменов.
3. Батыс мектебі – еліміздің батыс өлкесінде дамыған әншілік өнер. Бұрынғы Бөкей ордасының жерінде шырқалған төкпелі жыр негізінде синтезделген желдірмелі ән Мұхит арқылы жаңа белеске көтерілді.
Мұхит әндері Атырау, Ақтау, Орал, Ақтөбе жерінен бастау алып, Сыр мен Арқаға дейін қанатын жайған. Бұл мектептің басында Ғарифолла Құрманғалиев тұр.
Бір айта кететіні, әншінің алғашқы дауыс қою дайындығы, сахналық шеберлігі, дәстүрлі иірімдерді меңгеруі – барлық ән мектептеріне ортақ мәселе.