Бейбіт Шүменов қарсылас таппай жүр
Қазақтың кәсіпқой боксшысы Бейбіт Шүменов шаршы алаңға неге шықпай кетті? Одан хабар бар ма?
Жарқын ТӨРЕҒАЛИ, Астана қаласы
WBA тұжырымының жартылай ауыр салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы Бейбіт Шүменов өзіне қарсылас таппай жүр. Бұл туралы Boxingscene сайтына сілтеме жасаған Қазақстан боксының «Вконтактедегі» желісі хабарлады.
Мәселен, Шүменовпен кездесуден қашқақтап жүргендердің бірі WBO тұжырымының әлем чемпионы ұлыбританиялық Натан Клеверли екен.
– Өзінің сұхбаттарында әрдайым мен туралы айта бергеннен кейін Клеверлимен жекпе-жек өткізбек болып хабарласқанбыз. Олардың промоутерлері де Клеверлидің менімен жұдырықтасқысы келетіндіктерін ашық айтты. Бірақ кейін Бернард Хопкинспен жұдырықтасуды жөн көріп, біздің ұсынысымызды қабылдамады. Алайда Хопкинс бұл кезде басқа боксшымен келісіп қойған екен. Соны білдік те, Клеверлимен қайта хабарласқан едік, ізім-қайым жоқ болып кетті. Егер шаршы алаңда жолығар болсақ, қуана жұдырықтасар едім, – депті Шүменов аталмыш сайтқа берген сұхбатында.
Сондай-ақ жерлесімізбен жекпе-жекке шығудан америкалық боксшы Чед Доусон да бас тартқан көрінеді. Естеріңізге сала кетейік, Бейбіт Шүменовтің кәсіпқой шаршы алаңдағы соңғы жекпе-жегін өткізгеніне бір жылдан асып кетті. Соңғы рет өткен жылдың 2 маусымында рингке көтерілген қандасымыз мексикалық Энрике Орнеласты жеңген болатын.