Басшының еңбек демалысына шығармауға құқы бар ма?
Мен қарауыл болып қызмет етемін. Осымен екі жыл болды, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын көрмей келемін. Демалысқа шығу жөніндегі өтінішіме «ақысыз бір ай демалыс беріледі» деп жауап қайырды. Басшылықтың ақылы еңбек демалысына шығармауға құқы бар ма?
Өмірбек БЕКНИЯЗОВ, Қарағанды қаласы
ҚР Еңбек кодексінің 108-бабына сәйкес, еңбек демалысын қатарынан екi жыл бойы бермеуге тыйым салынады. Кодекстің 14-бабы бойынша ҚР Еңбек заңнамасының бұзылуына кiнәлi тұлғалар республика заңдарына сәйкес жауапқа тартылады. Осы орайда, жұмыс беруші тарапынан орын алған осы заңбұзушылықтар жөнінде сізге жергілікті жердегі Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіне жазбаша шағымдану қажет. Департаменттің мемлекеттік еңбек инспекциясы мекемеде тексеріс өткізіп, жұмыс берушіге сіздің еңбек құқығыңызды қорғау жөнінде тиісті шара қолданады.