Жақында дәрігерлерге қаралып едім, олар «асқазаныңда жара бар» деді. Жалпы, бұл ауру қаншалықты қауіпті?
Нұрғали ҚҰДАБАЕВ, Түркістан қаласы
Шоқан ЕДЕНҰЛЫ, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
— Адам бұл ауруға шалдыққан кезде көңіл күйі болмай, тамаққа тәбеті нашарлайды. Көп жағдайда бұл ауру жүйке және гормондық реттеу механизмі мен асқазанда ас қорыту жүйесінің бұзылуынан болады. Негізінен, асқазан жарасы өз кілегей қабығын тиісінше қорыта алмаудан туады. Ал жара неден пайда болады дегенге келсек, ол көп жағдайда стресс, бастың мазасызданып ауыруы, тамақ ішуді жүйелі сақтамау немесе тамақтың құнарлы болмауы, не сапасыз ішілген дәрінің зияндылығынан туындайды. Шылым шегу мен арақ-шарап ішудің соңы да асқазан ауруына әкеліп соқтырады. Асқазанның асты дұрыс қорыта алмауы, он екі елі ішектің жараға айналуы аурудың асқынуына ықпал етеді. Сондай-ақ бұл ауруда тұқымқуалаушылықтың да әсері бар.
Асқазан ауруының белгісі: жүрек айну, құсу, қыжыл, кекірік, тіс астындағы жағымсыз әсер байқалады. Оның үстіне мазасыздық, ұйқы қашу, тез шаршау, тершеңдік білінеді. Аурудың қабынуы көктем, күз айларында келеді. Егер асқазанда ауырғандық пайда болған жағдайда және құсу мазалағанда өз еркімен емделмей, уақытында дәрігерге қаралғаны жөн. Өйткені жара асқынып, қан кету, тесілу, қатерлі ісік ауруына айналуы мүмкін.