Аңшылыққа да рұқсат керек
Аңшылық маусымы басталатын уақыт болды ма және кез келген жерде аң аулап, құс атуға бола ма?
Самат Қасымов, Қостанай облысы
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, елімізде 1 қыркүйектен бастап негізгі аңшылық маусымы басталды. Ол 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Алайда кез келген жерде емес, арнайы жерлерде ғана аң аулауға болатынын ескеру керек. Мәселен, елімізде 680-нен астам аңшылық шаруашылықтары тіркелген.
1 қыркүйектен 30 қарашаға дейін – қаз, үйрек, көгершін және бұлдырық,
1 қыркүйектен 15 қарашаға дейін – сұр қырғауыл, ал 31 желтоқсанға дейін қабан мен борсық аулауға рұқсат етілген.
Заңға сәйкес, аң аулау үшін мерзімді жылға мемлекеттік баж төленгені туралы белгі соғылған аңшы куәлігі, аң аулауға берілген рұқсат қағаз, аңшылық шаруашылықтың жолдамасы, сондай-ақ оқ-дәрімен атылатын қару ұстауға ішкі істер органдарының рұқсаты болуы қажет.
Аңшылық жолдамасын барлық қалалық және аудандық аңшы мен балықшы қоғамдарынан алуға болады.
Аңшылық ережесін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жазаға тартылатынын есте сақтаған жөн. Мәселен, жыл басынан бері ел аумағында 28 браконьерлік фактісі тіркелген. Олардың төртеуі ғана мемлекетке 26 млн теңге шығын келтірген.