Мақатаевтың «Менің анкетам» деген өлеңінде:
«Туған жылың? – 1931. Құрдасымын Шәмілдің...» деген жолдар бар. Осы Шәміл есімі ақынның тағы бірнеше жырларында кездеседі. Сондағы Шәміл деген кім?
Нұрбек АРДАҚҰЛЫ, Ақтөбе қаласы
Бұл сұраққа «Мұқағали» журналы жауап береді:
– Көпшілік оқырман бұл өлеңдегі Шәмілді Шәмшімен немесе Шәміл Әбілтаевпен шатастырады. Мұқаң бұл екі композиторға құрдас емес. Себебі Шәмші 1930 жылы, Шәміл Әбілтаев болса, 1948 жылы туған. Өлеңде айтылатын «құрдас» – белгілі ақын Шәміл Мұхамеджанов.
Өлеңсүйер қауымның есінде болса, Мұқаңның «Құрдастарға» деген өлеңі бар. Соның бір тұсында: «Мынау – әзер қаз басқан төрт жасында, Мұхамеджан қартыңның мешелі ғой...» деп Шәміл досына құрдастық қалжың айтқан. Мұқағали көзі тірісінде оны өзіне жақын тартып, сырлас болған. Ақынның сазгер досына деген ықылас-пейілі ерекше болған деседі. Мұқаң «Шәмілге жазған хаттардан» атты тағы бір циклды өлеңдерінде:
«Шәміл-ау, қалың достан қалған сен ең...»
«Шәміл-ау! Шәмші қайда? Шәмші қайда!
Шәмшіге айт, тағы да бір таңдандырсын,
Жындандырсын, жүректі жандандырсын!
Мәңгі өлмес махаббатым айта жүрер,
Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын!» десе, енді бірде «Шәміл, Шәміл, шаршадым, қалжырадым» деп құрдасына мұң шағады.
Ақиық ақын талай жыр арнаған Шәміл Мұхамеджанов (1931-1980) Торғай облысының Жангелдин ауданында туған. Бүгінде оның оннан астам өлеңдер жинағы еліне мұра болып қалды.