Әлемдегі әлсіз мемлекеттер қайсы?
Әлемдегі ең осал, әлсіз мемлекеттерді атап бересіздер ме?
Ерболат ӘЛІМҒАЗИЕВ, Алматы облысы
Әлбетте. Дегенмен бір-екі елді атай салу дау туғызуы мүмкін. Сондықтан ресми рейтингке жүгінгенді жөн көрдік. Америкалық Brookings Institution зерттеу орталығы «осал елдер» деген атпен әлсіз мемлекеттердің рейтингін жариялаған болатын. 141 мемлекет бағын сынап көрген зерттеу жұмысында, негізінен, төрт салаға ден қойылды. Экономика, саясат, қауіпсіздік және әлеуметтік. Әсіресе, жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі, инфляция деңгейі, бай мен кедейдің ара салмағы, билік адамдарының салғырттығы, заң жүйесіндегі олқылықтар, жемқорлық, адам құқының тапталуы, сондай-ақ тұрғындардың өмір жасы секілді әлеуметтік әлсіздіктер де ескерілді. Нәтижесінде, «осал мемлекеттердің» алғашқы ондығына Сомали, Ауғанстан, Конго, Бурунди, Судан, Орталық-Африка Республикасы, Зимбабве, Либерия және Кот д'Ивуар мемлекеттері кірді. Посткеңестік кеңістіктегі елдердің ең осалдары Түрікменстан мен Өзбекстан болып шықты, олар 35-36 орындарда тұр. Тәжікстан бұл тізімде – 42-ші, Ресей – 65-ші, Беларусь 81 орында тұрса, Қазақстан 89-орынға табан тіреген. Көрші Қытай 74-орында тұрса, Иран – 66-шы, туыстас Түркия 98-орында аталады. Зерттеу иелері мемлекеттерді бес топқа бөледі. Соңғы сатыдағы «қуатты мемлекеттер» деп аталатын құйысқаны берік елдердің қатарында Қазақстан да бар.