Адам неге ықылық атады?
Соңғы уақытта менде жиі ықылықтап қалатын бір әдет пайда болды. Әркімдердің айтуымен әр нәрсені байқап көрдім, бәрібір болар емес. Неге бұлай және ықылықтан қалай құтылуға болады?
Темірлан АРМАН, Талғар қаласы
Мамандар пікіріне жүгінсек, ұзаққа созылған ықылық адамның құрсақ қуысындағы асқынулардың, тіпті өкпесіндегі, бауырындағы әлдебір қатерлі ісік белгілерінің көрінісі болуы мүмкін. Ықылық сондай-ақ диафрагманың өңештік саңылауында кінәрат барын да көрсетеді. Сонымен қатар ол ми мен жұлынның кейбір сырқаттарында, миокард инфаркті, жұқпалы аурулар және көбінесе психикалық қозу барысында пайда болады. Ықылықтаумен бірге, адамның іші түйіліп, жүрегі айнитын болса, бұл ұйқы безі мен өттің, бауырдың жұмысында ауытқушылық барына меңзейді. Ықылық ұзаққа созылған жағдайда міндетті түрде дәрігерге көрінген жөн.