Абайдың әнге әуес, күйге құмар болғанын білеміз. Бірақ «Абайдың әншісі» атанып кеткен Әлмағамбет туралы дерегіміз аз. Әнші туралы жазсаңыздар екен.
Халима БЕКЕНҚЫЗЫ, Теміртау қаласы
Әлмағамбет Қапсәләмұлы (1870-1932) өзі ән шығармаған, Абай әндерін насихаттауда елеулі үлес қосқан. Ақылбайға қолқалап ән шығартып, Тұрағұлдың қайын жұрты Матай жерінде орындаған-ды. Ел аузындағы естеліктерге жүгінсек, Әлмағамбет тобықты ішінде тоғалақ деген атадан. Әлмағамбеттің үш ұлының бірі – Шәбден әкесінің өнерін ұстаған өнерпаз, кейіннен құймақұлақ шежіре адам болған. Әлмағамбеттің қасиетті домбырасы осы Шәбден ақсақалдың тапсыруымен Абай мұражайынан құнды жәдігер болып орын алды. Сол Шәбден ақсақалдың айтуынша, малдың бабын білген Әлмағамбеттің әкесі Қапсәләмді Абай жылқы бағуға әдейі алдырып, тағдырдың жазуымен Әлмағамбет Абайдың тәрбиесін көріп өседі. «Абай өз балалары Мағауия, Тұрағұлмен бірге Әлмағамбетті де үш қыс Семейде орыс музыкантына беріп үйреткен», – деп жазады Шәбден Әлмағамбетұлы. Әлмағамбет әнші ғана емес, бірнеше музыкалық аспаптарда ойнаған шебер күйші болған. «Дунайская волна», «Лезгинка», «Возвратное время», «Банкрот», «Полька», «Птичий марш», «Криковяк» деген басқа халықтың ән мұралары Әлмағамбет арқылы елге тараған. Қазақ зиялылары Нұрғали және Нәзипа Құлжановалармен жақын араласып, Абай есімін халыққа таныстыруда бірлесе жұмыс істеді. Төңкерістен кейін Семей қаласында ұйымдастырылған қазақ театрының белді бір мүшесі болған.
«Абайдың әншісі» кім?
Последние статьи автора