Абай оқыған Ахмет Риза медресесі
Семейдегі Абай мұражайының қасындағы Ахмет Риза медресесінде Абай қашан оқыған? Медресе мен Абай оқыған кітаптар туралы мағлұмат берсеңіздер.
Перизат ҚАЙЫРҒАЛИҚЫЗЫ, Астана
Семей қаласындағы діни медресе. Оны Ахмет Риза деген имам ұйымдастырған. Абай Кұнанбаев 1855-1859 жылдар аралығында осы медреседе оқыған. Кезінде мешіт жанында медресе болған. Ахмет-Риза медресесі сол кездегі басқа діни оқу орындарынан әжептеуір озықтау саналған. 1949 жылы өрт апатына шалынып, жойылып кеткен.
1992-1993 жылдары, Абайдың 150 жылдық торқалы тойына орай, медресе Интернациональная көшесі мен Дулатов көшелерінің қиылысына көшіріліп, қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мұнарасы да тұрғызылды.
Медресенің екі үлкен бөлмесінде «Медресе тарихы», «Шығыс әлемі» атты әдеби экспозиция келушілерге қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта медреседе реэкспозиция, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Кейіннен медресе шатырынан Абай оқыған араб, шағатай, парсы тілдеріндегі кітаптар табылған. Мұражай қорында Абай оқыған медресе кітаптары: діни кітаптар, тарих, география-астрономия, тіл-әдебиет оқулықтары. Қазір музей экспозициясында Хожа Хафиз қолжазба шығармалары, Сағдидің "Бустаны", Шаһабуддин Маржанидің «Китап Хаһ әл-мағрифа» т.б. қойылған.