Хакім Абайдың имани жырларындағы (шығыстық) Ибраһим болмысын тану біздің маңдайымызға жазылған бақ секілді. Осы кезге дейін Абай өлеңдерін таптық, одан қалды ұлттық таныммен астастырып танып келген болсақ, жаңа үшінші мыңжылдық басталар тұста данышпанның ар ілімінің – исламиятты тану, мораль философиясы, адамгершілікті ұғыну секілді күрделі ғаламдық деңгейдегі тұжырымдарының есігі айқара ашылды. Ар ілімі – оның Шығысы. Шығыстан алған тәлімі мен тағылымы, болмысына сіңіріп, рухани құндылыққа айналдырған жауһары. Абайдың Ибраһим болмысы деп отырғанымыз – осы.
Абай шығысының шарапаты
Кежегесі кері тартқан кеңестік кезеңнің аяр саясаты болмағанда, Абай Шығысының шарапатын ерте көрер ме едік?! 1949 жылы Мәскеу арнайы қаулы шығарып, Шығысқа да, Батысқа да бас игендерді жазалайтындығын мәлімдеді. Батысқа қарап бой түзеген еврейлер жазаланды. Шығыстық тамырына тартқан, кітап жазып, мақала шығарғандардың барлығы да атылды, жазаға тартылды, қудаланды. Сондықтан да Абайдың Шығысын зерттеуге құлып салынды. Биліктің механизмді машинасы әуелі сол құлыпты ашып, құпиясын анықтамақ болған профессор Әуелбек Қоңыратбаевты екінші мәрте Абайдың Шығысы туралы мақала жазбақ түгіл, ауызға алмайтындай етіп жазалап, Қызылордаға жер аударды. Бар жазығы ұлы ақынның жаңа қырын – Шығыс ақындарына тән пәлсапалық өлеңдерінің табиғи қалпын түсінуге тырысып, мақала жазғандығы болған профессор Қоңыратбаев Қызылордада жеті жылдық мектепке есекке мініп барып сабақ берді.
Абай Шығысына толықтай тосқауыл қойылғандығын түсінген ғалымдар саясаттың салқынына қарсы тұра алмады. Тек Мұхтар Омарханұлы кеңестік ұстанымға қиғаштау келіп, Абай Шығысын толық зерттемесе де, тезиспен біраз дүниеге сілтеме жасауға ұмтылды. Және ол жұмысы жеміссіз қалған жоқ-тын.
Енді кемеліне келіп, ес жия бастаған Кеңес үкіметі жоғарыда аталған қаулыны қандай қажеттіліктен қабылдады? Әрине, түптің-түбі қауіптің үлкені Батыстан келетінін олар жақсы білді. Алайда дәстүріне берік Шығыстан қауіптенуінің сыры неде? Батыстың материалдық құндылықты басты орынға қойып, сол жолда жан аяспас әрекеттерге баратыны олардан аяқ тартуға тура келгендігін ұқтырды. Дегенмен одан да қауіптісі Шығыста еді. Өйткені Шығыс әрдайым өзінің дәстүр-салтымен біте қайнасып, мың жылдық өмір сүру ережесімен астасқан саналық Тәуелсіздігіне ұмтылған-тын. Алаш қайраткерлерінің тұсында дүр сілкінген саналық Тәуелсіздік Кеңес үкіметі қанатының астындағы Шығыс жұртының жадында лап етіп жануға дайын тұрған қызыл шоқтай маздап жатты.
Сұсты Сталиннің де қорыққаны осы еді. Егер де Абай шығармашылығындағы шығыс пәлсапасы ашылса, онда көшпенділердің тұқымын ұстап тұру мүмкін емес-тін. Тәуелді ел бола тұра, тәуелсіз ғұмыр кеше алатын жағдайға жетер еді. Ұлан-ғайыр жерді иемденген ұлттың болмысын былғатпай, санасын улатпай ұлттық қорғаныш қабілеттерінің артатынын Мәскеу төрінде отырғандар анық ұғынды. Басқа-басқа, қазақ халқы саналық тәуелсіздікке қол жеткізсе, онда өзге ұлттарда толқу пайда болатыны оларға екібастан белгілі дүние еді.
Мекемтас Мырзахмет, абайтанушы ғалым:
– Докторлық диссертациямды 1989 жылы қорғадым. Сонда монографиямның бір тарауы осы Абайдың шығысына арналған болатын. Қорғау барысында бүкіл академик осы Абайдың шығысына қарсы болды. Маған Абай туралы диссертациямды жеті рет қорғатқызбады. Ақыры қайта құру кезінде қорғап шықтым. Қазір Абайдың шығысынан бәрі табылып жатыр. Толық адам туралы ілімі де, исламиятты тануы, адамгершілік туралы идеясы, мораль философиясы да жүйелі түрде жазылған. Қазір осы игілік өзінің жемісін бере бастады. Толық адам туралы ілімін философтар әлі толық ашып бере алмады. Енді аша алмайды. Өйткені философияның тірелетін жері – материя. Ал шығыстың пәлсапасының қайнары – сана. Біз өзіміздің пәлсапамызға түспейінше, Абайдың шығысын толық ұғына алмаймыз. Бұл – болашақтың еншісіндегі дүние.
Абайдың исламияты
Әдебиет әлемінде «классика» деген ұғым бар. Әр халықтың талғамына қарай бұл ұғымға түсінік беруі де әртүрлі. Алайда ортақ қалыптасқан нақты бір концепция жоқ. Тек белгілісі, бүгінде «классикаға» адамзат баласына ортақ құндылық болып табылатын бейнелі образдар, қараны ақтың, жамандықты жақсылықтың, озбырлықты әділдіктің жеңіп шығуы секілді бүгінде қалыпты болған жайттар мен жаңа постмодернистік бағыттың серпін алып, адамзат баласының санасы қабылдай алмайтын, логикаға қайшы келетін, пенде баласына тән, алайда көпшілікке жария етуге болмайтын арсыз іс-әрекеттер (төсек қатынасының қатысы жоқ) бейнеленген туындылар да осы санатқа жатқызылып келеді. Мұның бәрі – біздің құлдық санаға тәуелді ойлау көрсеткішіміздің бір белгісі. Себебі шығыстық қалпымызға салсақ, әлем әдебиетінің көрнекті өкілдері, кіл классиктері, расымен, шығыс шайырлары. Ал олардың шығармашылығына көз жүгіртсеңіз, арсыз іс-әрекеттер мен логикаға қайшы бейнелерді кездестірмейсіз. Нәзирагөйлік дәстүрмен, астарлап қана өмірді жырлайды. Адалдықты ту етеді. Жаратқанға деген махаббатын, сүйіспеншілігін шарапқа, қымызға теңеп, Хақ тағаланың шарапатын сезінеді. Демек, осы ракурстан алып қарайтын болсақ, шығыстың классикасы – бұл имани әдебиеттің жалпыхалықтық сипатқа еніп, жалпақ жұрттың жүрегіндегі Жаратушыға деген пәк сезімдеріне қозғау салып, күмәнді көңілге от жаққан туынды болуға тиіс емес пе?
Абай да жас болды, жастығына мас болды. «Тар төсекте төсіңді иіскер ме едім жалаңаш», «Салмағымнан қалсын дене жаншылып» деп жырланған албырттық сезім ұлғая келе, шығыстық қалыпта «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деген пәлсапалық ұғымға ұласты. Оның адамгершілік қағидасы, мораль пәлсапасы қара сөздерінде де анық көрініс тапты. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім. Пайдасын көре тұра тексермедім. Ержеткен соң түспеді уысыма, қолымды мезгілінен кеш сермедім» деген өлең жолдары хәкім Абайдың еуропалық ілімнен пайда таппай, қайтадан бала кезде бойына сіңірген «Физули, Шамси, Сайқали» деп алғаш жыр жазатын бастапқы қалпына қайту кезеңін көрсетеді. Не тапса да, шығыстық ілімнен, бабалардың салған саналық сүрлеуінен табатынын түйсінген данышпан осы жолды жаңа тұрпатта, Еділ мен Ертістің арасында жатқан қазақ баласына, мұқым мұсылман жамағатының қабылдау мүмкіндігіне сай тілде жеткізуге тырысты. Өзінен кейін халқының үлкен қасіретке ұшырап, саналық бұғауға түсерін, имани тәуелсіздігінен айырылып, жүрегін тыңдаудан қалатынын сезгендей «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп Жаратқанның барлығына, бірлігіне мұсылман баласы күмән келтірмеу керектігін, қасиетті Құран Кәрімнен асқан ақиқи кітап жоқтығын көркем тілмен жеткізді. Бүгінгі таңда әлемдік ғылымның түпкілікті зерттеуіне айналған «толық адам» пәлсапасы да Абайдың кеңінен тоқталған тұсы еді.
Биліктің Абайдан аяқ тартуы
Абай өмір сүрген тұста патша өкіметінің қазаққа тізесі қатты батты. Оны ақын жүрегімен сезінді, асқақ рухы мұқалып, жігері құм бола күйреді. Бұл бағытта кете берсе, аздаған жыл ішінде халқының жер бетінен жойылып кететінін білген Абай елдің иманын көтеру керектігін, оқып, ілім-білім үйрену қажеттігін анық сезініп, осы жолда аянбай еңбектенді. Жасырын бұйрықта патша билігі әуелі үш халықты жер бетінен жою керек деген қағида ұстанды. Оның біріншісі – ноғай халқы. Екіншісі – орыстардың 50 пайызын құрған Қырым татарлары. Үшіншісі – қазақтар. Бұл – тарихи дерек. 1897 жылы қазақтар бүкіл Ресейге қараған түркі халықтарының 57 пайызын құраған екен. Сұрқия саясат Абайдың халқын да оңдырмады. Қазақтар үш есе азайып, 21 пайызға дейін түсті. Бірақ басқа халықтарға тиіспеді. Архивтен алынған деректерге қарасақ, ұйғырлар – алты есе, тәжік – бес есе, қырғыз – алты есе, түрікмен – алты есе, өзбек тіптен 12,5 есе өсімге ие болған екен. Ал қазақтар үш есе кеміп кетті. Осы ретте, «неге тек қана қазақтар кеміп кеті?» деген орынды сауалдың бой көрсететіні анық. Қазақтардан патша өкіметі неге өлердей қорықты? Себебі кең-байтақ жері бар, байлығы мол, рухы мықты халық қазақтар еді. Қазақты тұқыртып, сағын сындырса, басқа халықтар бас көтере алмайды деп санады. Міне, бұл – сол Абай өмір сүрген кезде басталған патша өкіметінің солақай саясатының салқыны.
Абай шығармашылығында, әсіресе оның шығыстық ілімінде толық адам болып, адамгершілік идеясын ту етуі, моральдық пәлсапаны терең қозғап, түптің түбі қазақ халқы сана тәуелсіздігіне қол жеткізуі тиіс екендігі жан-жақты сараланды. Патша билігінен соң таққа отырған кеңестік империя басшылары да хәкімнің осы ілімінен өлердей қорқып, оны зерттеуге бет бұрған жанның бәрін бетқақпайлап отырды. Олардың Абайдан қорқуы да заңды болатын. Өйткені Абайдың ұлттық санасы Алашты оятты. Патша билігінің қол астында отырып жеке автономия құру идеясының да қайнар бастауында Абай тұрған. Ол халықтың тарихи санасын оятуға күш салды. Өйткені санасы тәуелсіз, тарихи жады қайта оралған халықтың құлдықтың қамытын кимейтіні анық еді.
Тарихты қалыптастыратын – уақыт. Уақыттың бейнелі көрінісі – заман. Заманның қаһарманы – сол кезеңдегі өз халқына адал еңбегімен ерекшеленген тұлға. Осы тұрғыдан алсақ, Абай қазақ халқының мәңгілік қайраткер тұлғасы. Патшалы Ресейдің де, қылышынан қан сорғалаған Кеңестің де Абайдың шығысынан аяқ тартып, шошынғаны – біртуар тұлғаның халқы үшін, қарындас қазақтың қамын ойлап жанталаса, бодан ел болса да, бостандық рухында ғұмыр кешуі үшін тер төгуі еді. Биылғы жылдың наурызында Түркістан қаласында зиялы қауым өкілдерімен жүздескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз дінде Қожа Ахмет Ясауи ілімін алып жүруіміз қажет. Ал ұлттық философия, тіл, әдебиет мәселесінде Абай атамыздан артық жүгінеріміз жоқ. Абайдың еңбектерін көбірек оқу, насихаттау керек», – деп, салиқалы пікірін білдірген еді. Осы аталы сөзден-ақ Абай рухының қаншалықты өз ұлтына қызмет етіп келе жатқандығын һәм әлі де өзі сүйген халқының керегіне жарайтындығын бағамдауға болатындай. Ендеше, Абай біздің әрдайым қорғанышымыз болған, болып та қала бермек...