Кеңес ОРАЗЕКҰЛЫ: МҰХАМЕДЖАННЫҢ МҰРАТЫ

Кеңес ОРАЗЕКҰЛЫ: МҰХАМЕДЖАННЫҢ МҰРАТЫ

Кеңес Оразбекұлы Дүйсен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлан», «Мөлдір бұлақ» басылымдарында көп жылдай редактор, бас редактордың орынбасары болып қызмет еткен. Сол уақыттан бері жазушылық шығармашылықпен айналысып келеді. Балаларға арналған алты ертегі топтамаларын, он шақты ертегі, әңгіме, пьеса-скетчтер мен хикаяттар, танымдық көпшілік жинақтарын шығарған, шығармалары басқа да топтамаларға енген. 2016, 2018 жылдары Корея мен Қазақстан Мәдениет министрліктерінің шақыруымен Оңтүстік Кореяға сапарлап барып, сол елде 2016, 2017, 2019 жылдары корей, орыс, ағылшын, қазақ тілдерінде «Жыл басы қалай анықталды?», «Байқұт мекен» ертегі кітаптары басылым көрді. 2017 жылы көп жылғы еңбегінің жемісі – «Қазақтың алпыс батыры» атты қазақ тарихи батырларының антологиясын дүниеге әкелді. Сол жылдың күзінде Швецияның Стокгольм қаласында өткен VІ-ашық Еуразия әдебиет форумы мен әдебиет фестиваліне қатысып, осы халықаралық байқаудың лауреаты болып оралды. Сондай-ақ «ZHERSU» корпорациясы мен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған «Дарабоз» халықаралық бәйгесінің екі дүркін, Қазақстан Киноматографистер одағы мен «Қазақфильм» киностудиясы ұйымдастырған сценарийлер байқауының (2009 ж.) жүлдегері және т. б. бірнеше бәйгелердің жеңімпазы.
2018 жылғы тәуелсіз «Алтын қалам» республикалық байқауының Бас жүлдегері. 2019 жылы Алматыдағы Ұлттық кітапханада Корей театр өнерпаздары «Жыл басы қалай анықталды?» ертегісінің желісімен корей тілінде бір сағаттық қойылым көрсетіп, қазақ балаларына тамаша сый-тарту жасады. Алматы облысы әкімдігі қолдауымен 2020 жылы шыққан «Балаларға – қазына» 3 томдық антологияға бірнеше шығармасы енген.

Кеңес Оразбекұлының кітаптары: «Ертегі туралы ертегі» (1993 ж), «Мүшел жас», «Ай аттарының сыры» (2006 – 2014 жж.), «Наурыз көже» (2007 – 2014 жж.), «Қанатты сөз – қазына» 1-кітабы (2010 ж.), «Тұран баһадүрлері немесе Ер, Би, Нұрдың ерлік жорықтары» (2010 ж.), «Иол – мәңгілік ағашы» (2011 ж.), «Қанатты сөз – қазына» 2-кітабы (2013 ж.), «Жыл басы қалай анықталды?» (2016, 2017 жж. Оңтүстік Кореяда), «Қазақтың алпыс батыры» (2017 ж.), «Жылыңды білесің бе?» (2019 ж.), «Байқұт мекен» (2020 ж. Оңтүстік Кореяда).
Автордың құрастыруы бойынша «Аруна» баспасынан мынандай жинақтары шықты: «Әжемнің ертегілері» (2005 ж.), «Ерте, ерте, ертеде...», «Өнегелі ертегілер» (2007 ж.), «Ертегім неткен... мұратына жеткен», «Ерлік ертегілері», «Қожанасыр хкаялары» (2008 ж).
Мынандай жинақтарға шығармалары енді: «Жарты ғасырдың алтын қоры» 2-том (2007 ж.), «Кәусар бұлақ» (2009ж.), «Независимый Қазахстан: Антология современной литературы», Москва, 1-том (2013 ж.), «Кәусар бұлақ» (2013 ж.), «Менің ғажайып ертегім» (2015 ж.), «Тәтті алма», 4-том (2017 ж), «Балалараға – қазына» 1-2-томдары (2020 ж).

Бүгін  оқырман назарына қаламгердің «Көкбөрі» атты хикаятын ұсынып отырмыз.

 

                                                   

 

 

Кеңес ОРАЗЕКҰЛЫ:

МҰХАМЕДЖАННЫҢ МҰРАТЫ

(Мұхамеджан Тынышбаевтың рухына арнаймын)

 

                                                   

 

СЫНҒАН  ТАЯҚША

 

Үзіліс  уақыты. Сынып  ішінде  Мұхамеджан – жалғыз. Ол  тақта  үстіне  ілінген  Ресей  империясының  саяси-әкімшілік  картасының  алдында  тұр. Қолында – басы  үшкір  ұзын  таяқша. Таяқшаның  ұшын  карта  бетіне  жүгіртіп, қазақ  елінің  аумағын  ойша  белгілейді. Өйткені  картада  оның  шекарасы  атымен  жоқ. Тек  Ресейдің  губерниялары  мен  уездерінің  шекара  сызықтары  ғана. Еділ, Жайық, Торғай, Сарыарқа, Алтай,  Жетісу, Түркістан, Сырдария, Арал... Бұл  өңірлердің  бәрінде  қазақтар мекендейді. Ендеше  бұл  өлкелер – қазақ  жері. «Шіркін!  Осы  өлкелердің  басын  қосып, қазақтың  өз  мемлекетін  құрар  ма  еді. Ол  үшін  мына  кең – байтақ  жерді  Ресейдегідей  игеріп, қалалар  салып, өндіріс  орындарын  ашып, астана – орталығын  орнатса. Астанаға  қай  қала  лайық? Осы  Верный  қаласы  қолайлы  болар. Онда  мына  өлкелердің бәрін  Жетісумен  байланыстыратындай  етіп  жолдар  салуды  қолға  алған  жөн. Өйткені, адамның  он  екі  мүшесін  басқару  үшін  жүрекке  қан  тамырлары  қандай  маңызды  болса, мемлекет  үшін  де  жол  қатынасы сондай  маңызды. Иә, иә, мемлекет  құру  үшін  ең  алдымен  жолдар  қажет. Сонда  ғана  қазақ  елін  тәуелсіздікке  жеткізе  аласың. Ендеше  жол  құрылысын  салудың  ғылымын  меңгеруге  ұмтылу  керек...»

Мұхамеджанның  қалың  ойға  беріліп, шабыттанғаны  сондай, айналасын  түгел  ұмытып, еріндерін  тістеп  тұрып  шалт  қимыл  жасағанын  аңғармай  қалды. Қолындағы  таяқша «сарт»  етіп  қақ  бөлінгенде  ғана  есін  жиды. Оң  жақ  бүйірінде  Асқар  мен  Сергей  тұр  екен.

– Мұхамеджан, саған  не  болды?! – деді  Асқар  таңданып.

– Жәй, әншейін, – деді  де, Мұхамеджан  қолындағы  сынық  таяқшаны  үстел  үстіне  қалдырып, орындығына  беттеді.  

Шәкірттерінің  ең  соңынан  кірген  Михайл  Васильевич  жаңағы  сынған  таяқшаны  үстел  жанына  жақындағанда  ғана  байқады. Түсі  бұзылыңқы  суық  жанарымен  сынып  ішін  шолып: 

– Бұны  кім  сындырды?! – деп  жеки  сұрады. Шәкірттер  тым-тырыс отырған  күйі  көздерімен  жер  шұқыған.  

– Мен – деді  бір  кезде  шыдамай  кеткен  Мұхамеджан  орнынан  тұрып. Михаил  Васильевич  тәртіп, оқу  жағынан  ең  үлгілі, сүйікті  шәкіртіне  таңырқай  қарады. Мұндай  оғаш  қылықты  басқа-басқа, Мұхамеджаннан  күтпеген.

– Неге  сындырдың? – деді  даусын  жұмсартып. 

– Ой  үстінде  тұрып  байқамай...

Мұхамеджанның  бұл  сөзіне  курстастары  ду  күліп  жіберді. Михаил Васильевич  те  езу  тарта  жымиып, артынша  басын  шайқап.

– Ендеше  келесіде  ойға  берілгенде, қолыңа  еш  нәрсе  ұстай  көрме, жарқыным.

Курстастары  тағы  да  күлкіге  кенеліп, сынып  ішінде  бір  түрлі  жаймашуақ  жылылық  орнады.

 

                                                   

 

ЖОЛ  АЙРЫҚТА

 

Гимназия  шәкірттерінің  жан-жаққа  түлей  ұшар  сәті  де  жетті.

Гимназия  директоры  Вахрущевтың  кабинетінен  Мұхамеджанның  көңілі  өсіп  шықты. Есік  алдында  курстасы  Асқарға  жолығып  қалды.

Ол  Мұхамеджанды  көргеннен, екі  езуі  құлағына  жете  ыржия  күліп келіп, қолын  қатты  қысты.

– Мұхамеджан, естіп  жатырмыз. Педагогикалық  кеңес  сені  барлық жағынан  үздік  деп  бағалап, алтын  медальға  ұсыныпты  ғой. Құтты болсын!

– Айтсын, рақмет. Өзіңнің  де  дипломың  құтты  болсын!

– Рақмет. Айтпақшы, педагогикалық  кеңес  сені  Жетісу  губернаторының  кеңесіне  тілмаштық  қызметке  ұсынып  жатқан  көрінеді  ғой.

Сол  рас  па?

– Иә, рас, – деді  Мұхамеджан. – Бірақ  мен  ол  қызметтен  бас  тарттым.

– Не  дейсің?! – деді  Асқар  Мұхамеджанның  иығынан  тартып  тоқтатып. – Өзге  жұрттың  мұндай  мәртебелі  қызметке  қолы  жетпей  діңкесі  құрып  жүргенде, сенің  мұның  не? Есің  бүтін  бе?

– Есім  бүтін, – деді  Мұхамеджан  жымиып. – Директордың  қабылдауында  болып, оқуды  жалғастырмақ  ойым  бар  екенін  айтып  шықтым.

– Қандай  оқуды?

– Петербургтегі  жол  құрылысы  инженерлерін  дайындайтын  институтқа  түсуге  жиналып  жүрмін.

– Ой, бұл  мамандық  қазаққа  қол  емес  қой. Ең  болмаса  сот, мұғалім, не  дәрігерлікті  таңдамадың  ба?

– Ондай  мамандықты  таңдаған  қазақтар  менсіз  де  жеткілікті. Ал   жол  құрылысы  инжинері – еліміздегі  ділгір  мамандық  қой. Өстіп  әр  саладан  мамандана  берсек, еліміздің  ертеңі  үшін  маңызды  емес  пе.

– Әй, Мұхамеджан-ай! Еліміздің  ертеңіне  несіне  алаңдайсың? Қазаққа  әр  саладан  маманданған  мына  орыстар  да  жетеді. Тұмсығымызды  әр  саққа  тыға  бергеннен  жетісеріміз  шамалы. Мал  табатындай  сауатымызды  аштық, соның  өзі  олжа. Егер  менің  достық  тілімді  алсаң кеш  болмай  тұрғанда, сол  тілмаштық  қызметке  қайта  сұран. Ең  дауасы – осы. Губернатордың  алдында  кеудеңді  керіп, алшаң  басып  жүргенге  не  жетсін! Кейін  бармағыңды  тістеп  қалма.

Гимназияда  талай  жыл  бірге  оқып, курстас, сыйлас  құрбы  ретінде талай  жыл  интернат  нанын  бөлісіп  жегенімен, Асқарды  мұндай  ман-сапқұмар, тоғышар  жан  деп  ойламаған. Адамның  шын  бет-бейнесі  балалық, жастық  шақта  онша  байқалмай, ат  басын  тартып  мінген, онды-солын  тани  бастаған  осындай  азаматтық  дәуренге  жеткен кезде  байқалады  екен-ау. Сырлас, жақын  болмаса  да, сыйласып  өскен  досының  өмірді  осылай  жеңіл-желпі  бағалап, мардымсып  шолақ ақыл  айтқанына  Мұхамеджанның  ызасы  келді. Бірақ, дәл  осындай мерейлі  сәтте  дауласып, бетжыртысуды  жөн  көрмеді  де:

– Бұл  «данышпан»  кеңесіңе  рақмет, досым. Өйтіп  өкінетін  адам мен  емес. Қош  бол! – деп  әңгімені  қысқа  қайырып, курстас  досынан  бөлініп, ұзай  берді.

 

                                                   

 

ОҚУ ОРНЫНЫҢ ТАБАЛДЫРЫҒЫНДА

 

Қабырғаларын  ескі  үлгідегі  сүйегі  ауыр, бірақ  әсем  өрнектелген  кітап  шкафтары  мен  сейфтері  қайыстырған  үлкен  кабинет. Ортада  «т»  әрпі  тәріздес  етіп  қойылған  екі  шомбал  емен  үстел. Басында  үш  адам  отыр. Оның  бірі – орта  жастағы  кең  иықты, шашын  жылмағай  етіп  артқа  қайыра  тараған, жалпақ  бет  кісі – институт  ректоры. Екіншісі – жағы  қушиған, көзілдірікті  қасқабас  қария – осы  институттың   аға  оқытушысы  әрі  ғалым  адам. Ал  үшіншісі – институтқа  талапкер  ретінде  құжаттарын  тапсыруға  келген – Мұхамеджан.

Төрдегі  алдыңғы  екеуі  үстелдің  бір  қапталындағы  Мұхамеджанға  сынай, әрі  күдік  ала  қарайды. Ал  Мұхамеджан  болса  өзін  еркін  ұстауға  тырысып,олардың  сауалына   мүдірмей  жауап  беріп  отыр.Институт  ректоры  алдында  жатқан  құжаттарды  аударыстырып, қағазда  жазылған деректерді  Мұхамеджан  бет-жүзі  арқылы  анықтап  алғысы  келгендей, қағазға  бір, Мұхамеджанға  бір  шұқшия  қарап  алды  да:

– Хм-м, жігітім. Орта  Азиядан. Жетісу   өлкесінен  келген  екенсің ғой. Солай  ма? – деді.

– Иә , солай.

– Қандай  ұлттансың?

– Қазақпын.

– Қызық. Біздің  институттың  табалдырығын – Қиыр  шеттегі  бұратана  халықтың  өкілі  ретінде  тұңғыш  рет  өзің  басып   тұрсың. Әдеттебіздің  техникалық  институтқа  ресейліктердің  өзі  сескеніп, келе  бермейді. Сенің  қалайша  батылың  барды?

– Жоғары  мәртебелім.Мен  Верный  гимназиясының  соңғы курстарында  оқып  жүрген  кездің  өзінде  Сіз  басқаратын  осы  мәртебелі  институтқа  түссем  деп, алдыма  үлкен  мақсат  қойған  едім.Міне, сол мақсатым  мені  Сіздің   алдыңызға  жетелеп  әкелді.

– Жарқыным, сен  бұл  оқу   орнының  техникалық  екенін  білесің бе? – деп  сөзге  қасқа  бас  шал  араласты. – Оқу  өте  ауыр. Химия, физика, математика  есептері, сызу макеттерінің  өзі  адамның  миын шатастырып  жібереді.

– Әрине, білемін.Сол  себепті  гимназия   қабырғасында  көп  ізденіп дайындалатынмын. Кітапханалардағы  әр  қилы  техникалық  кітаптарды  зерттеп  оқып, есеп, жаттығуларын  шығарып, сызу  өнерімен  айналысатынмын.

– Мен  қызмет  бабымен  ғылыми  экспедицияларда  жүріп, Орта  Азия  мен  Түркістанды, қазақ  елін  көп  аралағанмын. Сол  себепті ол  жақтың  халқын, салт-дәстүрі  мен  шаруашылығын, адамдарының  мінезі-қасиеттері  мен  психологиясын  бір  кісідей  білемін  деп айта  аламын. Расын  айтсам, қазақтардың  рухани  жан  дүниесі  өте бай. Музыка, фольклор, сөз  өнері  тұрғысынан  қарағанда, алдыңғы қатарлы  елдермен  иық  теңестіре  алады. Мұны  орыстың, батыстың ғалымдары  да  мойындаған. Сол  себепті  олар, яғни  қазақтар  гуманитарлық  ілімді  тез  меңгеріп, игеріп  кете  алады. Бұл  ақиқатты  мен сондағы  оқу  орындарын  аралағанда  байқап, көз  жеткізгенмін. Ал енді  техникалық  ілімді  меңгеруге  келгенде, көшпелі  ұлттың  өкілдерін... әй, қайдам... Көзім  жетпейді. Бұл  жерге  адасып  келген  сияқтысың. Кеш  болмай  тұрғанда, сол  гуманитарлық  оқу  орнынының есігін  қаққаның  жөн. Мына  үздік  диплом, алтын  медальмен  сен ол  гуманитарды  жақсы  меңгеріп  кетесің. Оған  сенімім  кәміл. Сөйт, жарқыным.

Мұхамеджан  қасқа  бас  шалдың  бұл  сөзіне  іштей  тіксініп, ұнатпады. Бірақ  сыр  берген  жоқ. Сөзді  әріден  өрбітті:

– Менің  Әл  Фараби, Ибн  Сина, Беруни, Ұлықбек  сынды  ғұлама бабаларымды, мына  беріде  өмір  сүрген  Шоқан  Уалихановты  білетін шығарсыз?

– Әрине, білеміз. 

– Міне, солар  техникалық  ғылымды  игеріп  қана  қоймай, бұл  ғылымды  жоғары  деңгейге  көтеріп, іргелі  жаңалықтар  ашып, ілгері дамытты  емес  пе. Оларды  қайда  қоясыз? 

– Олар, жарқыным, әр  жүз, мың  жылда  бір  келетін  жеке  тұлғалар ғой. Оларды  қозғамасайшы, – деп, шал  кеңк-кеңк  күлген.

Мұхамеджан  шалдың  күліп  болуын  күтіп  тұрды  да:

– Кешіріңіз. Мен  де  сондай  жүз  жылда  келіп  қалған  ұрпақтың  бірі шығармын. Сол  үшін  де  техникалық  оқу  орнына  тайсалмай  ұмтылып отырмын  ғой, – деген. Бұл  жолы   екеуі  де  мырс-мырс  етіп  күліп  алды.

– Болса, боларсың, бәрекелді! – деді  қасқа  бас  шал.

– Құжаттарыңды  қабылдадық, емтиханға  дайындала  бер, – деді  институт  ректоры, сол  жымиған  күйі  Мұхамеджанға  риза  болғанын  сездіріп.

Мұхамеджанның  тұла  бойын  бір  ыстық  сезім  ду  етіп  билеп  алды. Бұл  жеңіс – алғашқы  күшті  тосқауылды  күйреткен  үлкен  жеңіс екенін  түсінген  Мұхамеджан  орнынан  ширақ  көтеріліп, еңсесін  тіктеп шығар  есікке  беттеді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста