Суретшіні мерт қылған айнадағы сарбаз
Қалада ең атақты суретшінің басын кесіп кетті. Есік терезесі тас жабылған. Сыртқа шыққан із жоқ. Тек жалғыз із шарайнаның бетінде қанмен жазылған жазу.
Ол сызған суреттеріне жан салатын. Тек суретшілер колледжіне алғаш түскен кезде ұстазы сыйлаған қылқаламмен салғанда ғана. Ол жас еді. Жастықпен әр нәрсеге құмар болатын. Бірақ, көшеде кезіккен сұлуларға сұқтанып жатпайтын. Өң-әлпетін бір көрсе болғаны, үйіне қайтып келіп соның суретін сала бастайтын. Салып болып қабырғаға сүйеулі тұрған шар айнаның алдына қойса болғаны, айнадан сол сұлу шығар еді. Әрі оның құзырында болатын.
Арғымақ ат салып, кешкісін тау баурайына баратын. Шерінен шыққан соң қылқаламын арнайы даярлап қойған жылқының құмалағына араластырса болғаны, бәрі ғайып болатын. Өз-өзімен шат-шадыман болып жүрген суретші ел назарынан тыс еді.
Бірде суретші көне мұрағатты аралап жүріп, мыс табақтың бетіне салынған ертедегі бір ханшаның суретін көрді. Шашына сан мың жақұт моншақ тағынған ханша қолына әлде нені алып, соны ерніне тигізіп тұр. Жігіт байқатпай табақты қойнына салды да, асығыс үйіне оралды.
Осы заманнан он бес ғасыр бұрынғы ханшаның қызығына батқысы келді. Сурет үстеліне отырды да, жайлап сала бастады. Салып болып, қайта қарады. Қыз қолындағы не? Бәлкім айна шығар деп ойлады да, шарайнаның алдына әкеп қойды. Айнадан шәлі жібекке оранған ханша өзіне қарай тәкаппар басып шығып келе жатты. Ханшаның айдай жамалы оны есінен тандыра жаздады. Ерекше бір құштарлықпен ханшаның қолынан бас салды. Оқыс қимылдан шошып қалған ханшаның қолындағы зат тарс етіп шарайнаның алдына түсті. Ханша бөлмені айнала қашты. Ұзын бұрымы суретшінің қолына енді ілінгенде шарайнадан арыстандай ақырып сақтың қияқ мұртты сарбазы шығып, беліндегі қанжарын жұлып алды да, суретшінің басын шауып тастады. Ханшамен жылап көрісті. Мүрдені шар айнаның алдына әкелген сарбаз қолқа тамырдан атқақтап жатқан қанға бармағын малып: «Өнеріңе рахмет! Біз бостандыққа келдік!» – деп жазды.
Қойшыбек МҮБАРАК