Біз өмір сүріп отырған әлем тылсым дүниелерге толы. Бұл туралы аз жазылып, аз айтылып жүрген жоқ. Мен де оқырманға өзіме жұмбақ болып көрінген бір жәйттерді айтып берсем деймін. Ешқандай боямасыз баяндағым келеді.
Жоғары оқу орнын тәмамдап, қалада жұмыс жасай бастаған кезім. Бес қабатты кірпіш үйден бір бөлмелі пәтерді жалға алып, тұрып жаттым. Күз мезгілі болатын. Үйде өзімнен басқа жан баласы жоқ. Әдеттегіше теледидар қарап жатып, көзім ілініп кетіпті. Кенет дабырлаған дауыстардан оянып кеттім. Оянсам, төсегімнің төмен жағында 4-5 жасар бала отыр екен. Әуелі түсінбей, көзім бақырайып біраз жаттым. Дауыстар ас бөлмеден естіледі. Жарығы жанып тұр. Төсегімнен жаймен тұрып, асүйдің есігінің босағасына барып, аңтарылып тұрып қалдым. Әшейінде айналуға келмейтін, аядай ғана ас бөлмеге дастарқан жайылып, еркегі бар, әйелі бар бір топ адам қауқылдасып әңгіме-дүкен құрып, шәй ішіліп жатыр. Дастарқан басы толып тұр. Маған келдің бе, кеттің бе деп жатқан ешкім жоқ. Ешқайсысы елемеді. Дастарқанның жасауы көздің жауын алады. Тағамның түр-түрі бар. Кенет көзім әлгі адамдардың аяғына түсіп кетпесі бар ма. Қарасам, бәрінің де аяқтары теріс қарап тұр екен. Сол сәтте, марқұм әжемнің «шайтанның аяғы теріс қарап тұрады» деген сөзі есіме түсіп, қатты қорқып кеттім. Зәрем зәр түбіне кетіп, орныма келіп жатып едім, әлгі бала да жылжып келіп аяқ жағыма отырды. Оның да аяғы теріс қарап тұр. Осы кезде екеуміздің көзіміз түйісіп, мен арбалып қалдым. Дыбыс шығармай, бірақ көзбен бе, мимен бе сөйлесіп жатырмыз. Бір қызығы, оның не айтқысы келгенін мен ұға бастадым. Ол маған егер жақын арада емделмесем, бауырымнан жапа шегуім мүмкін екенін айтты. Жалпы, екеуміздің «сұқбатымыз» менің денсаулығыма қатысты болды. (Оқырманға айтылмайтын жәйттер де бар). Содан, «кәлимаға» тілім келмей, көп қиналып, ақыры «бісміллә» деген өз даусымнан шошып, қара терге малшынып ояндым. Сөйтсем, жаңағының бәрі түсім екен. Айтайын дегенім, осы түстен кейін шынымен де, бауырым сыр беріп, емделдім. Және әлгі шайтанның баласының айтқандары айнымай дәл келді. Жеті-сегіз жыл өтсе де, жаңағы түс жадымда ұмытылмастай сақталып қалды.
Араға біраз жыл салып, баяғы сол пәтерде тағы бір тылсым жәйттің куәсі болдым. Бірде жақын құрбым келіп, екеуміз әңгіме-дүкен құрып, шәй ішіп отырғанда тым кеш боп кетті. Сөйтіп, құрбым сол күні қонып қалды. Түннің бір уағында әлденеден оянып кеттім. Құрбым жаққа аударылып жатып едім, еңгезердей қара кісінің оның үстінен төніп, алқымынан алып жатқанын көріп шошып кеттім. Сұлбасы ер адам. Құрбым шалқасынан жатыр екен. Кәдімгі үстіне қонжиып отырып алып, қос қолдап қылғындырып жатқандай көрінді. Ұйқым шайдай ашылып, дос қызымның атын атап, айғайладым. Менің шыңғырған даусымнан шошып оянған құрбым тамағы кеуіп, айғайлай алмай жатыр екен. Жарықты жағып үйдің ішін қарап шықтым бісмілләмді айтып. Су ішіп өз-өзіне келгеннен кейін құрбым ояна алмай қиналғанын, дәу қара кісінің өзін жаншып-езіп бара жатқанын сезінгенін айтқанда тіл-аузым байланып қалды. Өйткені, құрбымды қылғындырған алып тұлғалы ер адамның сұлбасын анық көрдім ғой.
– Бісмілләмді айтқызбай, кеуде тұсымнан басып барады. Жаным шығып, көп арпалыс-тым. Үстімнен аударып тастағым келіп, қанша жанталассам да әлім келмеді. Енді өлдім-ау деп әл-дәрменім құрып бара жатқанда, сенің айғайлаған даусыңнан шошып ояндым, – деді құрбым солығын баса алмай. Бұдан кейін де саған келіп қонғанда түнімен бастырыламыз дейтіндер көп болды. Үйге келіп түнейтін жақын-жуықтың үрейін қашырған «әлгі адам» маған тиіспеді. Алайда, ылғи да үйде жалғыз емес екенімді сезініп жүретінмін. Әлдекімнің менімен иықтас өмір сүріп жатқанын білемін, бірақ жаңағы оқиғадан кейін көзіме ештеңе көрінген емес.
Кішкене кезімізде әжемнен жын-перілер туралы хикаяларды жиі естуші едік. Ол кезде жын-шайтан дегенге халық сенді ме, әлде шын мәнінде көп болған ба, сол жағы маған әлі күнге беймәлім. Әжемнің айтуынша, арғы ата-бабалары аса арқалы адамдар болған. Қазір ұмытып отырмын, әсіресе бір атасы өте мықты молда екен. Мықтылығы сондай, Құранмен алып періні үйде құлдыққа ұстап, тіпті топырақтан арқан естірген деседі. Әлгі пері үйдің бар шаруасын дөңгелетіп, әп-сәтте тындырып тастайды екен. Қандай жұмысты болмасын, көзді ашып-жұмғанша орындап, адам баласының қолынан келмейтін істерді де атқара берген. Әлгі пері үй иесі молда қарт пен үйдің төрінде тұрған Құран кітабынан қатты үрейленіпті. Өйткені перінің бар сиқырлы жауыз күшін бір әмиянға сыйдырып, молда оны Құранның арасында ұстаған. Бірде үйде ересектер болмай, жасөспірім баланың бір өзі домбыра шертіп бейқам отырса керек. Қайдан екені белгісіз, пері сап ете түсіп, баланы алдарқатып, Құран кітабының арасында тұрған әмиянды алып беруін сұрайды. Өзін қытықтап, желіктіріп, әбден тұзағына түсірген періге алданған бала Құран кітабының арасындағы әмиянды қолға алғаны сол екен, сиқырлы күш-қайратын қайтарып алған жын баланы сыртта бүлкілдеп қайнап жатқан қазандағы құртқа алып ұрып, ізім-қайым жоқ болыпты. Боздап бәйбіше қала беріпті. Аһ ұрған молда атамыз осыдан кейін қанша тырысса да, әлгі періні қайтарып алуға қауқары жетпей өмірден озыпты. Бұл – әжемнен естіген көп хикаямның бірі.
vk.com
Құрбымды буындырып жатқан еңгезердей қара кісіні анық көрдім
Последние статьи автора