Ел арасында Тарғыбатайдың (Тарбағатай) күнгейі (Үржар) мен теріскейінде (Көкпекті) кездесіп қалып жүрген «Қар адамы» (Снежный человек) туралы деректер бар, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Ал қар адамдарымен қоңсылас болған ата-бабаларымыз оларды «Кісікиік» деп атапты. 1960-70 жылдары жастары 70-80-ге келген ақсақалдар осы кісікиіктер туралы жиі айтатын. Ол ну жынысты бұла табиғаттың шырқы бұзыла қоймаған шағы ғой. Әлі де тауда табиғат құпиясын бойына бүккен, адам табаны тимеген үрейлі шатқалдар молшылық.
Тарғыбатайдың Путьлен (кейінгі аты – Путь Ленина. Бұрын қазақша атау бұл текшеге қойылмаған сияқты, үлкендер айтпады) жайлауында 1870 жылдардың орта шенінде Қасабай атты кісі өмір сүрген. Сол Қасабай бірде бір кісікиікті ұстап әкеп, керегеге байлап қояды. Аналығы екен. Әрі буаз екен. Кәдімгі адам. Көзінен мөлтілдеп аққан жасы көл болады. Тіл жоқ. Берген тамақты жемейді.
Серіктерін арашалай келген басқа кісікиіктер түн баласы ауылды торып, қиқулап, иттерді абалатып, маза бермепті. Түнде олар оттан, жарықтан қатты қорқады екен. Үш күннен соң үлкендер. «Мынау аштан өліп қалса, обал болады» деп, тұтқынды босаттырып жібереді. Тілсіз мақұлық қатты қуанып, екі санын сабалап, «Ырғай- ай, шырғай-ай!» деген мағынада қайта-қайта дыбыстап, қалың бүргеннің арасына сіңіп кетеді.
Оның алдында қойшылар ана жер, мына жерден жалаңаш адамның сұлбасын көріп қалып жүреді. Бұлақ басында саз балшықты кешкен кілең жалаңаяқ адамдардың іздерін кездестіреді. Ел аң-таң. Анда-санда жылқы ішінен бір-екеуі, кейде ноқта тимеген шу асауы таңертең қан сорпа болып, болдырып, құр сүлдері әрең тұрады. Түн ішінде шу асауды кім мінеді? Аңдып жүріп, кісікиіктердің ішінде бір-екеуі жылқыға қарғып мініп, таң атқанша шабатынын біледі. Қасабайдың ыза болып, ұстап әкеп жүргені – сол көрінеді. Бірақ олар адамдарға залал жасамаған көрінеді. Ел «балаларды ұрлап кете ме» деп, қауіптенетін көрінеді.
1980 жылдары «Советская литература» газетінде «Қар адамдары» Евразия материгінде Моңғолияда мол және Алтай төңірегінде кездеседі. Кавказдағылары жойылып кетті деп жариялаған еді. Ал бізде олар, «көрдім» деушілердің сөзіне қарағанда, әлі де ұшырасып қалып жүр.
Рамазан Нүсіпов