Ұлан-байтақ қазақ жерінде, кезінде қара суды кері ағызған Қарымбай әулие, айшылық жерде не болып жатқанын, тіпті алда не боларын көзбен көріп тұрғандай сезіп, біліп отыратын Ескелді баба, кез келген дерттен құлан-таза айықтыра алатын аузы дуалы емші Өтейбойдақ Тілеуқабыл, шипагер Көтен тәуіп сияқты Алланың әмірімен қасиет қонған арқалы адамдар өмір сүрген.
Аталған киелі бабалармен теңестірмек ойдан аулақпын, алайда сол бабалардың жолын қуып, ізін басқан, алдына бойдағы дертінен арылдыруды тілеп келген жандардың жанына сая болып, емдеп, сауықтырып жіберетін шын мәнісіндегі қасиет қонған емшілердің кездесіп қалатыны рас.
Алайда «түсімде Алла тағала аян берді», «маған ғайыптан қасиет қонды» деп жариялап, көзбояушылықпен ем-дом жасаған болып, ол әрекеттерінен ештеңе шықпай, масқараға ұшырап жүрген емшісымақтар да баршылық. Мақалама арқау болып отырған, емшілік қасиетін көзбен көріп, өз басымнан өткергендіктен осы шипагер жан туралы сөз қозғамақпын. Сонымен, ол кім?
Мәдетхан Әметханұлы Әдетхан 1970 жылы Қытайдың Алтай аймағы, Бұрылтай ауданында дүниеге келген. 1992 жылы ҚХР ШҰАР медициналық университетін бітіріп, қытайша емдеу мамандығын алып шыққан. Халық медицинасының магистрі. 2005 жылы тарихи Отаны – Қазақстанға келіп, еліміздің азаматтығын алды. Әлденеше сынақтардан өткен соң Қазақстан халық емшілері қауымдастығына мүше болып қабылданды, 2008-2009 жылдары Тараз, Түркістан қалаларында сол қауымдастық ұйымдастырған Халықаралық Конгреске қатысқан. Қауымдастық тарапынан бірнеше мәрте шеберлік сертификаттарына ие болып, алғыс хат, диплом және медальдармен марапатталған. Үйлі баранды.
…Жаныма жақын болғандықтан, тұрақты түрде жаздырып алатын қызықты да, көп қырлы, Талдықорған қаласынан атақты ақын Айтақын Бұлғақовтың редакторлық етуімен шығатын «Алатау» газетінің 2012 жылдың 31-мамырындағы санынан қаламгер Зәмзәгүл Әмірғалиева қарындасымыздың «Шипагер Мәдетхан» атты сұхбат-мақаласын оқыдым.
Өзімнің ширек ғасырдан бері сол жақ тізем кілтілдеп ауырып, тіпті аяқ басуым мұң болып қалатын кездерді жиі бастан кешетінмін. Оқи сала «жақсыдан шарапат» дегендей, газетте көрсетілген мекенжай бойынша Мәдетхан бауырымыздың жұмыс кабинетіне ат басын тіреген едім.
Шипагерге кезекте тұрған адамдар біраз бар екен. Мұндай жерде бос қарап тұрасың ба, жағдайды білмек үшін ем-дом алушылармен әңгіме-дүкен құрып отырмын. Әр аудан, ауылдардан жиналған мұңдастардан білгенім: Бұл емшінің аузы дуалы, алақандары дертке дауа. Ауруыңды айтпай-ақ, тамыр ұстап тап басатын көрінеді.
Бұдан бұрын талай емші, медицина мекемелерінің дәрігерлері алдында емделген болып, тіземнің ауруына еш қайран болмағандықтан, Мәдетхан емшінің қабылдауына да онша сеніңкіремей, бір үміт, бір күдікпен кірдім.
Шипагеріміз өңі жылы, қарапайымдылық пен мәдениеттілік белгілері «менмұндалап» тұрған жігіт ағасы екен.
– Қане, ақсақал, мына орынға жайғасыңыз, – деп сыпайылықпен орындық ұсынған емші тамырымды ұзақ ұстады.
– Ой, ағатай, сол жақ тізеңіз көп жылдан бері ауырып, мазалап жүрген көрінеді.
– Рас, бауырым. Осының емін ешкім таба алмай-ақ қойды…
– Алла қолдаса, бір-екі емнен кейін өмірі ауырмағандай сауығып, атша шауып кетесіз –деп жылы жымиған Мәдетхан ем-домына кірісіп кетті…
Арада 25-30 минут өткен соң, отырған жерімнен өзі қолтықтай тұрғызды.
– Ал, аға, әрі-бері жүріп көріңізші…
Ой, Құдайдың құдыреті-ай! Тізем өмірі ауырмағандай, сап-сау! Бойымда да өзгеше бір жеңілдік бар. Әсіресе, ғимараттың жоғары қабаттарына көтерілгенде кілтілдеп ауыратынын білетіндіктен, баспалдақпен жоғары-төмен екі-үш қайтара түсіп, шықтым. Ғажап, түк те ауырмады.
Қане, Мәдетхан Әметханұлының шипагерлік жолына шолу жасау мақсатында,емшінің өз сөзін тыңдап көрелік.
– Алғаш Қаскелең қаласында ағам Еркінханмен бірігіп емдедім. Бізге анамыз Мәдәния Сахабақызы үйреткен балалар ауруын емдеу барысындағы уқалау, тарау, нүктелеу амалдарын қытайдың өзім білетін нүктелік емдеу тәсілдеріне қосып, өзіміздің жаңа уқалау амалдарымызды таптық.
Бізге тегінде емшілік қасиет, бірінші Алланың берген, екінші нағашыларымыз Сахаба, Сақыш пен Сағдолла атты діндар, емші және ақын аталарымыздан жұққан қасиет. Ол аталарымыз Кеңес Одағы кезінде қудалау көріп, 1933 жылдары бала-шағаларымен Қазақстаннан үдере көшіп, Қытайдың Бұрылтоғай ауданына келіп қоныстанған. Сол марқұм нағашы атамыз ағам Жеңісханның түсінде аян беріп: «Балам, мен саған бойымдағының бәрін бердім. Неге соларды пайдаланып, жандары жапа шеккен адамдарды емдемейсің?» деп ғайып болыпты. Сонымен, үлкен нағашымыз ауданның бас имамы Әділбек Сахабаұлына келіп түсінде көргендерін баяндап береді. Ол кісі: Әкеміз көбінесе қандауырмен қан алып, банка төңкеріп емдейтін. Ол кісінің қасиеті жиеніне дарыған болды. Оның қолданған емдеу құралдары бар еді, соны саған табыстайын – депті. Кейін сол ағамызды арнайы шақырып, бір жарым ай бойы үшеуміз бірлесіп зерделедік. Қазір осы емдеу тәсілдерімізді жетілдіріп, үлкен нәтижеге жеттік деп ойлаймын.
Мәдетхан Әметханұлы медицинада нақтылы емі табылмаған бас аурулары, талма, қан қысымының жоғарылауы, ревматизм, асқазанның созылмалы қабынуы, өт толу ауруларын емдейді. Сол сияқты, балалардың шыжың, минингит, теміреткі, қотыр, қалқанша без, жүрек, астма, бронхит, бел, аяқ-қол, гайморит, арқаның тартылуы, бедеулік, мойын мен бел ауруларын емдеп жазады.
Мәдетхан Әметханұлының шипалы алақанынан емделіп, сауығып кеткен жандардың ой-пікірлерін білдірген арнайы дәптер бетінде көптеген ауруларынан арылып, жазылып кеткен жандардың пікірлері де көптеп саналады екен. Әрине, олардың бәрінің тізімін жасаудың қажеті де, мүмкіндігі де жоқ.
Дәстүрлі медицинаны қытайдың және қазақтың ұлттық ем-домымен ұштастырып, Әметхан ұрпақтары – ағайынды Мәдетхан, Еркінхан мен Жеңісхан үшеуінің сол ем тәсілдерін жетілдіріп, өздерінің ерекше емдеу жолдарын ойлап тауып, білім мен тәжірибелерін халық игілігіне жемісті жұмсап жүруін – Алланың берген қасиеті, Құдайдың қолдауы деп қабылдағанымыз жөн.
Олай болса, Мәдетханның емдеу орны: Талдықорған қаласы, 3-шағын аудан «Кітап әлемі» дүкенінің екінші қабаты. тел: 87056709512, 87756861399. Ал Еркінхан емшінің мекенжайы: Қаскелең қаласы, Көктөбе көшесі, №11 үй, ұялы телефоны: 87057672164 екенін ем-дом іздеген жанның қаперіне салғым келеді.
Ғабдул-Сәбит ЮСУПОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі