Мәшһүр Жүсіп әулиенің кереметтері
Қазақта дінді әулиелік деңгейде меңгерген адамдар баршылық. Баянауыл өңірінде туып, атағы алты Алашқа жайылған Мәшһүр Жүсіп есімін білмейтін жан кемде-кем. Оның тылсымға толы болжамдары мен айтқан өсиеттерін бүгінгі ұрпақ біледі. Ғұламаның өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеумен келе жатқан өз ұрпақтары да бар. Негізінен кемеңгер білім иесі жайлы әңгіме көп. Осы орайда Мәшекеңді зерттеумен айналысып жүрген Т.Шарапиев пен С.Көпеевтің жазбаларынан оқырманға қызықты жайттарды ұсынуды жөн көрдік.
Көзбен көрген едім...
Мәшһүр Жүсіп өмірінің соңғы кезеңінде күтушісі болған Намазұлы Әйтімнің айтуы бойынша.
...1928 жыл болса керек. Сол кездегі аумалы-төкпелі жағдайларға орай Ескелдідегі қыстауынан ұзап көшпей, қозы көш жерге ғана қотан аударып, киіз үй тіктіреді. Жақын-жұрағаттары бар бес-алты үй бас құрап, Ордабай құдығы деген жерде отырады.
– Жаз қуаңшылық еді, – дейді бұл жайлы кейін сырт шерткен Намазұлы Әйтім ақсақал (1890-1968). – Мәшекеңнің атын жегіп, үй шаруасына қолғабыс жасайтынмын. Бұдан бұрынғы жылдар жаңбырлы болды, биыл да құрғақшылық жылға қарамастан шөп қалың болды. Көделі жердің өзінен тоқты көрінбей, өлкеге өгіз жасырынарлықтай жайда еді. Жаз ортасына қарай найзағай жиі жарқылдап, қалың қара бұлт жерге бір тамбай өтіп жатты. Міне, сондай бір күндері қалың өрт басталды да кетті. Ауыл үстін қара түтін басып, мал-жан түтінге булығып қаларлықтай халге келдік. Қып- қызыл өрт жалыны жиі көрініс беріп, үдей соққан дауылды желден өрши түсті. Ауыл адамдары үрейге беріліп, үйлерін тастап, сулы құдық, терең апандарға барып бой тасалап жатты.
Өзінің алты қанат ақ үйінен табан аудармай отырып қалған жалғыз Мәшекең ғана болды. Ол кезде бәйбішесі дүние салған болатын. Бұрынғы әдетінше шай-суын, қымыз ұсынып жанында отырған тек үлкен келіні Ақзейнеп қана. Ләм-мим деп Мәшекеңе айтуға батылымыз бармайды. Үлкен баласы Шарапиденге жалтақтап қараумен болдық. Ол кісі де сабыр сақтап, ара-тұра әкесіне көз тастап қана қояды. Бізді таңқалдырған жай осындай қарбалас сәтте Мәшекеңнің үлкен көк құран кітабын алдына жайып қойып, аса бір салмақтылықпен дұға оқып отыруы болды. Бір сәт тілдей қағазға арабша қысқаша дұға жазып маған:
– Менің тор атыма жайдақ мін де, мына дұғаны анау қаулап өрт беттеп келе жатқан Қаратөбенің деңгейіне апарып жеткіз. Бірақ, тастаған жеріңді ұмытпайтын бол, – деп қысқа қайырды да ұзақ намаз оқуға кірісіп кетті.
Алыстау болса да, өрт қызуы бетке соғып тұр. Торы ат жиі пысқырынып, екі құлағын жиі қайшылап жүріп келеді. Екі түп тобылғының арасын белгілеп, дұғаны ат үстінен жерге тастап, кейін қайттым. Бір кез аспаннан оймақтай қара бұлт ойнап шыға келді де нөсер жаңбыр құйып өтті. Өрт су сепкендей басылды. Іле дұға жазылған қағазды алып кел деп жібергенде, мен одан да бетер таң қалдым. Өрт қағазды айналып өткен, бірақ сол жерден көп ұзамай сөнген еді. Бәрі де «Мәшекеңнің ауылы үстін қалың өрт жайлап өтті» деп үрейленіпті, – деп сөзін аяқтаған еді.
1992 жыл
Мәшһүрдің көрегендігі хақында сөз
Мәшһүрдің кереметі жайында айтарымыз баршылық, соның тағы біреуіне тоқталып өтсек. Дихан Әбілевтің Сұлтанмахмұт туралы романында сөз болған «Мамыттарды көгендеу» уақиғасы Мәшһүрдің көзбе-көз қатысуымен болған жай еді. Ал, оның шындығы былай: романдағыдай адамдар көгенделмейді. Араға от салу әрекетімен желігіп алған Еламан жігіттері аз ғана Мамыт атасы адамдарының қолға түскендерін қотандағы қозы көгеніне күштеп әкеліп мойынсұндырады да, бос киіз үйге апарып қамай береді. Міне, сондай қарбалас шақта Смағұл киіз үйде отырған Мәшһүрге келіп паналамақ болады. Оның соңынан ере қуып келген үш жігіт есік алдында тұрып: «Мәшеке, ана Смағұлды бері шығарып беріңіз. Әбутүсіпке қол жұмсамақ болды әліне қарамай» деп, тепсіне сөйлейді. Жігіттердің тым өңмеңдеп босағасына атпен төніп келгеніне наразы болған Мәшһүр «Бұтаға келіп паналаған торғай да бір қабат аман қалушы еді, менің де сол құрлы да болмағаным ғой сендерге, Смағұл бар. Мен оларды аттым деп, қолын салып, – Пу, пу, пу, – деп, үшеуіне нұсқап, үш рет атады.Олардың біреуі – Баязиттің Қанафиясы көп ұзамай о дүниелік болып кетеді. Енді бірі- Мүсірдің Рахымының баласы Сәмет ел кезіп, хабарсыз кеткен деп айтады. Ал үшіншісі Мәшһүрдің туған бөлесі Әбжанның Құдышы еді. Құдыш көп ұзамай, күнді күнге, түнді түнге ұрып жатып қалады. Құдыштың шешесі Бәті апай тірі еді. Адуынды, елге сыйлы, әрі Мәшһүрге сөзін өткізе алатын адам болыпты. Жағдайдың неден болғанын бірден сезіп, баласын Мәшһүрдің алдына алып келіп: «Мына бөлеңді өзің аттың, енді не істесең де өз қолыңмен істе» деп, қолқа салып отырып алады. Бұған қатты қиналған Мәшһүр: «Басқасының дұғасын қайтаруға болар, ал өз дұғамды қайтаруымның сәтін бір Құдай біледі»- деп, тынбай 3 күн 3 түн оқиды.
Әншейінде, бір самауырын шайды бір өзі еңсере ішетін Әтиім бұл күндері аузын құр қара сумен шайғаны болмаса, еш нәр татпап еді, – деп есіне алады бұл жайды келіні Ақзейнеп. Ал Құдыш болса 80 жастан асып барып, балалы-шағалы болып дүние салады.
Жастық желік қой, нем бар еді Мәшһүр бөлемізге соқтығып, – деп өмірінің соңғы кезіне дейін аузынан тастамай айтып отырушы еді. Бәрі де Бәзіл тұқымдары еді және Досқараның Әшімі деген пысықай екі араға сөз жүгіртіп жіберген еді,- деп айтатын көз көрген адамдар. Ал Әбутүсіп болса қайта сабыр сақтап, басу айтқан көрінеді.
Мәшһүрді біз әулие адам дейміз. Негізінде, Мәшһүр де өзінен бұрынғы әулиелерді қатты құрмет тұтқан адам. Күндіз-түні басыма пана болған Қожа Баһуаддин кәміл пірім, - деуі осының дәлелі болса керек.
1995 жыл
Мәшһүрдің ерекше қасиеті хақында
Замандастарының айтысына қарағанда Мәшекеңнің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс дегендей, лепесі әмәнда қабыл болған екен. Қашан болмасын ұрпақ мәселесі адамдарды толғантпай қоймаған ғой. Қазынасы кең Құдай Тағала кейде бір жаны жайсаң жақсы адамдарды бір сәбиге зар қылғанын күнделікті өмірімізде көріп жүрміз ғой. Олар Мәшекеңнің заманында аз болмаса керек. Мұндай адамдарға Мәшекең:
Мәшһүрдің белінде байлап жүрген баласы бар дейсіңдер ме, кімге не берсе де Құдай, жалынып жалбарынып Құдайдан сұраңдар, тек көңілдерің ақ, жүректерің таза болсын, - деп әуелі беттерін қайтарып тастайды екен, бірақ іле лепес қылады екен. Мәшһүр атаның лепесінен кейін туыппын деп айтушылар ел арасында бетінге дейін көп болды.
Осы қазіргі М. Ж. Көпеев атындағы шаруашылық шаңырақ көтерген жерде бертінде Бекболаттың Жұмабегі дейтін адам болды. Ол 1970 жылдардың басында дүниеден өтті. Ол кісі үйленген соң бірер жыл балалары тұрмай баз кешсе керек. «1929 жылы Найманның Қызыл Қойтасы деген жерде тұратын едім. Бірде Баяннан Ескелдіге қарай қайтып келе жатқанда Мәшһүрдің жолын тостым. Жол тосқанда –жолға кесе-көлденең жата қалыппын.
Мәшеке, мен осы елдегі жалғыз үйлі Найманмын. Ол да уақа емес, «жақсы кісіге бір кісілік орын бар» деген ғой халқымыз. Жұрт қатарлы күн көріп те жатырмын. Менің жаныма батары жігіт жасым артта қалып барады. Күннен-күнге, жылдан-жылға ұрпақсыз қалам ба деп деген үрей жан-дүниемді меңдеп, ішімді отша жалайды. Үйдегі келініңізбен отасқаныма он жылдан асып барады, жөргек иісіне зармыз. Бір ши өкпеге лепесіңізді қиыңыз, – деп еңірегенде етегім толды. – Мына сол жағыңызда қалып бара жатқан шаңырағымызға атыңыздың басын тіреп қонақ болыңыз, батаңызды беріңіз, – деп әйеліміз екеміз қосыла қылқылдадық. Біздің мұңды хикаямызға үнсіз құлақ түріп аз ойланған Мәшһүр:
Құдай да, аруақ та мүсәпірге жақпын деген. Жалғыздық бір құдайға да жарасқан, құдай тілегіңді берер, шын егіліп жылап тұрғаныңды көріп тұрмын, тұр үйіңе қайт, мен ауылға әлде бір шаруамен асығыс қайтып барамын, кейін келермін, Алла жазса серіксіз болмассыңдар, – деп жүріп кетті».
Айтқанындай-ақ бір жылдан кейін жаңағы қос мұңлықтың шаңырағында ер бала дүниеге келеді. Мәшекеңнің «серіксіз болмассыңдар» деген сөзі естеріне түсіп, нәрестенің атын Серік деп қояды. Сол Серік (1931-2000) бүгін де бар, балалы-шағалы. Қазір де осы Мәшһүр атындағы кеңшарда тұрып жатыр, зейнеткер.
Мәшһүр атаның лепесі қабыл болып, жарық дүние есігін аштым деп әрдайым аузынана тастамайды.
1995 жыл