Ағылшын шіркеу қызметкері Л.Ж.Бертранд Швейцарияның биік таулы аймақтарына бір топ жас жеткіншекке топбасшылық жасап, саяхатқа алып шығады. Луцерна маңайында жанына екі инструктор алып, тауға өрмелейді. Таудың тастақ бөлігін бағындырып, мұздық биігіне жеткенде шіркеу қызметкері қатты шаршайды. Балаларды инстукторларға тапсырып, баратын бағытын көрсетіп, инструктордың рұқсатынсыз беталды кетіп қалмауларын шегелеп тапсырады. Бертранд мұнан соң тынығып алу үшін жазықтау бір жерге жантаяды. Сәлден кейін қатты ұйқы қысып, көзі ілініп кетеді. Кенет оянғандай болып, есін жиғанда рухының денесінен бөлініп шыққанын сезіп, бойын қатты үрей билейді. Рухымен бейне бір шар тәрізді денесінің үстінде айналсоқтап ұшып жүргенін тамашалайды. Тәнінің ескерткіш секілді қозғалыссыз жатқанын көреді. Қолын, аяғын қимылдатқысы келіп, қанша талпынса да бәрібір жерде жатқан дене өзіне мүлдем жат секілді сұлқ түскен күйі жата береді.
Шіркеу қызметкерінің бойынан алғашқы сәттегі қорқыныш пен үрей біртіндеп арылып, жаңа жағдайына еті үйренеді. Әлгіндегі шаршағанын мүлдем ұмытып, тұла бойының ауырып, сырқырауы басылып, денесін аса жеңіл сезінеді. Сәлден кейін ешбір қиындықсыз қозғала алатынын байқап, тік жартастарды бойлаған күйде ұша отырып, таулардың ұшар шыңындағы мұздықтардан бір-ақ шығады. Мүмкіндігінің мол екенін, көзді ашып-жұмғанша қалаған жеріне жете аларын түсінеді.
Бір уақытта өзі бастап барған балалардың жағдайын білгісі келеді. Осыны ойлағаны мұң екен сол заматта балалардың жанынан табыла кетеді. Саяхаттаушылардың өзі көрсетіп берген бағытпен жүрмегенін көріп, олардың назарын өзіне аудармақ болып, қанша талпынса да, балалар оны көре алмайды. Тіпті олардың жолшыбай тамақтанып алу үшін тынығып, жандарындағы азықты тәбетпен жеп жатқанын да көреді. Балалардың сөздерін, істерін түгел бақылап, кейіннен әлгі жансыз қалыпта жатқан денесінің жанына барады.
Кенеттен Луцернодағы қонақ үйдегі әйелін көргісі келеді. Сол заматта жетіп барып, қонақ үйдің қызметкерлерін және залындағы қаптаған адамдардың ортасында болады. Қонақ үйдің алдында әйелінің бір көліктен түсіп жатқанын және жанындағы төрт бейтаныс кісіні де байқайды. Олардың назарын аудармақ болып қанша талпынса да, ешқайсысы Бертрандты байқамайды. Ол әйелінің чемодандарын көліктен қалай түсіргенін, сонан соң қонақ үйде шай ішкенін мұқият бақылайды.
Осы кезде кенеттен бойын жайсыздық кернеп, Луцернодағы денесінің жанынан бір-ақ шығады. Балалар Бертрандтың тынығу үшін қалып қойған жеріне қайта оралғанда оның жансыз денесінің үстінен түсіп, үсіп өлді деп ойлап, абыржулы болатын, бірақ жүрегінің соғып тұрғанын көріп, қайта есін жиюы үшін әуре-сарсаң болып жатқан кезінде, ол денесіне қайта оралады. Осы оқиғаны кейін әйеліне айтқанда, ол да сенер-сенбесін білмей дал болады. Расында да, шіркеу қызметкері балалар арасында болған оқиға мен әйелінің қонақ үйдегі жағдайын айна-қатесіз түгел тәптіштеп айтып берген еді.
Адамның тәні тек бір уақытта бір мекенде ғана бола алады. Алайда оның елес денесі бір уақытта көптеген жерде қатарынан бола алады. Осыған қатысты «Зүбдәтул-Хақайқ»[1] атты еңбекте жүздеген мысал келтірілген. Ислам тасаууыфында мұндай оқиғалар өте көп кездеседі.
Батыста тәжірибе – ғылымилықтың негізі саналады. Олар тәжірибеде расталмаған жайларға мүлдем сенбейді. Батыстық ғалымдар «Рух бар ма, әлде жоқ па?» деген сұрақтың жауабын лабораторияда тәжірибе жасау арқылы іздестіреді немесе көріпкел, сәуегейлердің болжамына сүйеніп, солардың жеткізуі арқылы дәлелдемек болады. Сондықтан болса керек, батыстан әлемге әйгілі көптеген көріпкелдер шыққан. Алайда батыста мұндай тылсым оқиғаларға куә болғандар тек көріпкелдермен ғана шектелмейді.
Соның бірі атақты неміс ақыны Гетенің басынан өткен қызықты жайт. «Ақын жаңбырлы түндердің бірінде «К» деген досымен бірге Веймардағы Белведере деген жерде серуендеп жүреді. Кенеттен іркіліп қалып, қарсы алдынан аруақ көргендей айғайлап сөйлей бастайды.
«Уа, Раббым! Егер досым Фредериктің дәл қазір Франкфуртта екеніне әбден сенімді болмасам, мына біреу соның дәл өзі екеніне ант етер едім», – дейді де, артынан қарқылдап күледі. Сонан соң қайтадан: «Мынау соның нақ өзі ғой. Достым Фредерик! Демек, сен де Веймарға келдің ғой, солай ма? Бірақ қалайша менің жатар орын киімдерімді, тақиям мен сүйретпемді киіп, мынау көшеде сайрандап жүрсің, құдай ақы, осыны айтшы маған», – дейді. Гетенің көргендерінің ешбірін көре алмаған және не болып жатқанын да түсінбей аңтарылып тұрып қалған досы «К» ақынды есінен адасқан деп ойлап, бойын үрей билейді. Алайда Гете ақын өзімен-өзі болып, қолын созып, алға қарай ұмтыла түсіп: «Фредерик, қайда кеттің? Уа, Раббым! Құрметті досым! Жаңа ғана көз алдымызда тұрған жан қайда жоғалып кетті? Байқамадың ба?» – деп сұраумен болды. Бұған таң қалған әлгі досы еш жауап қата алмады. Ақын Гете жан-жаққа алақтап, есі адасқан адамдай: «Иә, түсінемін, мен бір елесті көрген шығармын, бірақ бұны қалай түсінуге болады? Бәлкім, досым кенеттен көз жұмды ма екен? Бәлкім, жаңа көргенім соның рухы болар?» – деумен болады.
Гете үйіне келгенде алдынан Фредерикті көреді. Төбе шашы тік тұрып, өңі боп-боз болып, кері шегінді. Сонан соң «Елес көру әлі жалғасуда!» – деп айғайлай бастайды. Алайда осы сәтте досы тіл қатып: «Құрметтім! Адам өзінің адал досын осылай қарсы ала ма екен?!» – деп таңданады. Гете күлерін де, жыларын да білмей аңтарылып: «Міне, қызық! Мынау көріп тұрғаным елес емес, кәдімгі ет пен сүйектен жаралған адам ғой!» – депті. Осылайша екі дос бір-бірімен құшақтаса кетеді.
Негізінде, оқиға былай болады. Фредерик Гетенің үйіне келеді. Жаңбыр астында қалып қойғандықтан, ылғал киімдерін шешіп, Гетенің жатар орынға киетін киімін, тақиясын және сүйретпесін киіп, орындықта отырған жерінде көзі ілініп кетеді. Түсінде Гетенің оған: «достым Фредерик! Демек, сен де Веймарға келдің ғой, солай ма? Бірақ қалайша менің жатар орын киімдерімді, тақиям мен сүйретпемді киіп алып, мынау көшеде сайрандап жүрсің, құдай ақы, осыны айтшы маған» – деп жатқанын көреді[2]. Елес дененің ауыспалы халі туралы батыстың өзінде де көптеген оқиғалардың орын алғаны мәлім болса, жоғарыда айтылған жайт соның бірі ғана.
Көзге көрінген адам рухы
Последние статьи автора