Ағамыз осыдан біраз жыл бұрын бір тылсым оқиғаға кез болғанын әңгімелеп берген еді. Студенттік өмірді аяқтай салысымен бас құрапты. Даяр тұрған өз үйі болмағаннан кейін алғашында пәтер жалдап тұрыпты.
Пәтерден пәтерге көшіп жүріп бірде орыстың үйіне кез болады. Екі бөлмелі жылы баспана, оған қоса қызметіне жақын жерде. Бірақ бұл қуаныштары көпке бармайды. Олар көшіп келген алғашқы күннен бастап бөлмеден бір дыбыстың шығатынын сезеді. Алғашында көшенің шуы шығар деп мән бермейді. Әлгі дыбыс бірде жер астынан шыққан сияқтанса, бірде төбеден естіледі. Ыңылдаған әлсіз дыбыс жатса да, тұрса да екеуіне маза бермегеннен кейін ағамыз бір діндар адамға жолығып, бұйымтайын айтыпты. Дәл мұндай тылсым жағдайға ол да таңданып: «Әу баста үйді аластап кіру керек еді, онда не болғанын кім біледі? Адал жандарыңа сезіліп жатқан болуы керек»,-депті.
Ақыры қоймай ағамыз оны үйге ертіп келіпті. Бөлмеге бас сұққан молданың құлағына да бір дыбыстың қылпы білініпті. Есік-терезені жауып тастап үнсіз тыңдаған адамға дыбыс бірде шығады, бірде басылады. Кейде бөлме ішінде бірдеңе домалап жүрген сияқты болады. Бірақ ештеңенің қарасы байқалмайды. Жарықты жаққанда сәл бәсеңсіп, өшіргенде зорая түседі. Ертіп келген кісі де бұл істің байыбына бара алмай, «Бөлмеге құран кітабын қою керек. Басқа қандай амал болсын. Дыбысты бір тоқтатса сол тоқтатар», — депті.
Келесі күні ағамыз кітапханалардың бірінен құран кітабын әкеп оқиды. Түнде жастығының астына жастап ұйықтайды. Айтқандайын, сол күннен бастап әлгі дыбыс бір жола тыйылады. Бұған қайран қалған екеуі бірде кітапты далаға алып шығып кетеді. Әлгі дыбыс қайтадан өз әуеніне басады. Қайта кіргізсе, сап тыйылады.
Кітаптың арқасында олар сол пәтерде бір ай тұрақтағаннан кейін басқа жерге көшеді. Келесі келген біреулерге пайдасы тисін деген ниетте кетерінде қасиетті кітапты қағазға орап терезенің алдына қойып, қағаздың бетіне болған жайды анықтап жазып қояды. Аға-жеңгем одан кейін қанша пәтер алмастырса да мұндай жағдай қайталанып көрмепті. Қазір өз үйі- өлең төсегі бар, көпбалалы отбасының біріне айналған. Содан бері қаншама жылдар өтсе де, сол бір тылсым дауыс әлі де құлағында тұрғандай сезіледі екен. Сонда ол дыбыс қандай күштің әсерінен шығып тұрды екен? Осы күнге дейін сол сырдың байыбына бара алмадық.
(Тақырыбы өзгертілген)
otarka.kz
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz