Тек Батыс өңірі ғана емес, күллі түркі әлемінің пірі атанған Бекет Ата туралы соңғы жиырма жылдың көлемінде отандық және шетелдік баспасөз беттерінде аз жазылған жоқ. Жығылғанды жебеп, желіккенді жөнге салатын, дархандығы мен батырлығы, жауласқанды достастырып, қастасқанды құдандалы қылып аттандыратын қазылығы, атан түйенің өзіне өткел бермейтін адуын өзенді арнасынан кері бұратын тылсым құдіреті туралы Маңғыстаудың сөз мәйегін айыра білетін балаларынан бастап, ақсақалды қарияларына дейін таңды таңға ұластырып, жыр қылып айтады.
Ата арқылы дертіне шипа тауып, түтіндері түзу ұшып жатқан отбасылары қаншама? Кең байтақ еліміздің түгелге жуық облыстары мен көршілес Өзбек, Қарақалпақ, Түркімен сонау Түрік, Қытай, Жапон, Ресей елдерінен ағылып келушілер легі әлі күнге толастар емес. Сөз реті келегенде айта кетейін, басына қиын іс түсіп, барар жері, басар тауы қалмаған кезде әуелі Аллаға сиынып, одан кейін Атадан шапағат тілеу арқылы тығырықтан жол тапқан адамдардың бірі - осы жолдардың авторы.
Ол кезде кәсіпкерлікпен айналысып жүрген шағым. Асыра байлық таппағанымызбен, күнделікті шәй-cуымызға, жалдап отырған пәтерімізге жетерлік нәпақамыз бар. Соған шүкіршілік етеміз. Атыраудағы қазіргі Салық департаментіне қарсы алаңқайда орналасқан «Сауран» базарында 400-дің үстінде адам сауда жасаймыз. Көпшіліктің айтуынша «Привокзальный»- кедейлердің, «Рахат»-байлардың, біздің «Сауран»-орташалардың базары. Атына заты сай, тауарымыз да - орташа, бағамыз да - орташа, негізгі сатып алушыларымыз да - орташа. Соған сәйкес тұрмысымыз да – орташа. Дегенмен, барына разымыз .
Біздің осынау мамыражай тіршілігімізді жайма базарды басқа жерге көшіру керек» деген қала әкімінің өкімі бұзды. Анау-мынау деп есімізді жиғанша болған жоқ, теміржолдың арғы бетіндегі жаңадан ашылған «Нарын» базарына көшіріп тынды.
«Бақсақ, бақа екен» демекші, бұл дегенің бір ит байласа тұрғысыз жер болып шықты. Орталықтан қашық. Қатынасқа қиын. Басында « жаңа базар ғой»-деп, там-тұмдап адамдар келгенімен, кейіннен сиырқұйымшақтанып, азайып кетті. Жағдайымызбен санасып жатқан базар әкімшілігі жоқ. Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан, орын ақысын ойбайлатып отырып өндіріп алады. Алдымыз банкрот болып, артымыз өлмешінің күнін кеше бастадық. Базарға кіре берістен 3-4 адамның басы қылтиса болды, алыс жолдан әкеміз келгеннен бетер қуанып, әрқайсымыз өзді-өзімізге шақырып, қырық пышақ болып жатқанымыз.
Күзге салым саудадан береке кетіп, «ендігі тіршіліктің күрмеуін қалай шешсем?»- деп, тұрғанымда ауылдас бір іншек келе қалды. Қысқаша амандық-саулықтан соң, жетім қыздың жиған жүгіндей азын-аулақ тауарым мен жаңбыр жаумастан жаурай бастаған жүзімді көріп:
«Қазір көп кісілер Бекет Атаның басына барып жүр. Талайы сырқатына дауа тауып, өзің сияқтылар саудасына жол ашып алды. Ниет етіп барсайшы. Ата сөз жоқ көмектеседі» –деп, жөн білетіндігін көрсетті. Сауданы жүргізу үшін мына тұрған Маңғыстау емес, Арктика асып кетуге дайын тұрған мен ойланып қалдым. «Бұрын не ғып басыма келмеген?!» -деп, өз-өзімді сөгіп те қоямын.
Жөн сөзін айтып, жанашырлығын білдірген ініме рахметімді жаудырып бола бергенім сол еді, дүңгіршегімнің алды адамдарға толды да кетті. Қасымдағыларда да дәл менікіндей тауарлар толып тұрса да оларға тіпті көз де салмайды. Ешқайда бұрылмай, бәрі маған келіп жатыр. Сүт пісірімдей уақыттың ішінде сынық сіріңкеге дейін сатып бітіріп, шырт-шырт түкіріп сыртқа шықтым. О, құдірет! Айналада бір де бір адам жоқ. Бейне бір менің тауарымның сатылып бітуін күтіп, сосын ұшып кеткен сықылды.
Кейіннен ойлаймын, соның барлығы менің ниетіме разы болған Атаның шапағаты болар деп. Көп кешікпей перзентханаға түскен жолдасым жеңілденді. Жарық дүниеге ай мен күндей қыз баланы әкелді.Атын апасы Гүлімге ұқсатып Гүлнұр деп қойдым. Сол Гүлнұрым қазір 9-шы сыныпта оқиды. Қазақша, орысша, ағылшынша таза оқып, таза жазады. Компьютерді қазіргілердің тілімен айтсақ, «шемешкідей шағады». Кесте тоқып, сурет салады. Соңғы кездері көрсетпей өлең жазып жүргенін байқаймын. Құран сүрелерін оқығанда жағаңды ұстайсың.
...Бекет Атаға бара жатып жолдан Атаның ұстазы Шопан Атаның басына зиарат еттік. Жер асты мешітіне ер адамдар бөлек, әйел адамдар бөлек кірген едік. Сонда 15 шақты әйелдің ішінен дұрыс құран оқитын адам табылмай, ол кезде әлі кішкентай Гүлімім мен Гүлнұрым кезек-кезек құран оқып, сауапты іс жасаған. Бұны да Алланың құдіреті, Атаның шапағаты деп есептеймін.
Сонымен, «Атаның басына барамын» деп ниет еткеніммен, бірер жылдай реті келмей-ақ қойды. Қазақ десе өзімізге тиеді. Сәл қарынымыз тойынып, уайым-қайғымыз азайса, құдайымызды ұмытып кетеміз.Кержалқаулығымыз бен өмірде бітіп болмайтын «күнде ертеңіміз» тағы бар. Соның кесірі болар, шаруам қайтадан қисая бастады. Саудасы жақсы деп, «Рахат» базарына орын ауыстырғаныммен де ісім ілгері жылжымады. Өсітіп, дел-сал болып жүргенімде түстің мезгілі болуы керек, құлағыма « уәде, уәде!» деген мағынада еміс-еміс дауыс естілгендей болды. Мұның тегіннен тегін еместігі санама енді жетіп, азын аулақ тиын-тебенімді қалтама бастым да, жолға шықтым. Әуелі Шопан Атаның, сосын Оғыландыға, Бекет Атаның басына барып зиарат еттім. Маңғыстаудағы 362 әулиеге арнап құран бағыштадым. Артынан үш жыл қатарынан бала- шағамды ілестіріп Бекет Атаның басына бардық. Міне, сол кезден бастап біздің шаңырақтың түтіні түзу ұша бастады. Ешқандай кепілдік дүние-мүлкіміздің жоқтығына қарамастан банктен қарыз алып, қаланың қақ ортасынан әуелі шағындау үй сатып алдық. Сәл шаруамыз түзелгесін, ескі үйді бұзып, келген қонағымызды ұялмай қарсы алатындай жаңа үй тұрғыздық. Өзім мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Ыңқыл-сыңқыл ауруымыздан айығып, жоқшылықтың жауар бұлты ауылымыздан аулақтап өте бастады. Бір тиын тапсақ та қайырлы, берекелі болатын болды. Ең бастысы, әуелі Алланың, сосын Бекет Атаның арқасында дүние байлығы емес, иман байлығын жиған адамның абыройы асқақтайтынына анық көзім жетті.
Жоғарыда айтып өттім, «Атаның басына үш жыл қатырынан бардық» деп. Араға екі жыл салып тағы да жол түсті. Бұл жолы қызым Гүлімнің «Бекет Ата қайта-қайта түсіме еніп жүр. Барып қайталықшы» деген сөзі түрткі болды. Сабақты ине сәтімен деген, сәрсебінің сәтті күні жолға шықтық. Біз сияқтылар тіпті көп екен. Бір атаның баласындай, қау-қауласып Оғыландыға қалай келіп қалғанымызды байқамай да қалдық.
Шіркін, Маңғыстау елінің азаматтары-ай! Пойыздан түскен қара құрым елді қырық жыл көрмеген құдаларынан бетер құрметтеп, шауып жүр. Бәрінің астында бір-бір темір тұлпар. Ешқандай артық әңгіме, талас-тартыс естілмейді. Біздің Атыраудағыдай бірі сөмкеңе жабысып, екіншісі қонышыңнан басып, үшіншісі жолаушы екендігіңді пайдаланып аспандағы айдың бағасын сұрап тұрған жоқ. Жолақылары да қымбат емес. Бергеніңе разы. Кейбіреулер айтып жүргендей, ұр да жық, ақкөз адайдың тентек жігіттерінің әпербақандығының иісі де сезілмейді. Шетінен биязы. Иненің көзінен түйе өткізгендей епті.
Кәдуәлгі әдетімізбен жуынып-шайынып, шәй-суымызды ішіп алғаннан кейін биік таудың бөктеріндегі Атаның қабірі орналасқан жер асты мешітіне баруға жиналдық. Атыраудан шығарда сол кездегі облыстық соттың төрағасы Жақсылық Алановтың сыйға берген жапоннның сандық фотоаппаратын өзіммен бірге ала шыққам. Мақсатым - сапар барысынан, Атанаң жатқан жерінен естелік суреттер түсіріп, кезегі келгенде газет-жорналдарға жариялау болатын.
Негізі суретке түсіруге болмайды екен. Менің алдымда келген республика деңгейіндегі үлкен бір басшылар жер асты мешітіне барған кезде рұқсатсыз фото, бейнекамераға түсіріпті. Жоғары көтерілген соң көрейін деп қараса, бірде-бір сурет сақталмаған. Кассетада тек қана ақ жолақ сызықтар ғана қалыпты. Осыны айтып, ескерткен мешіт шырақшысы «Мен рұқсат берейін. Бірақ Атаның қалай қарайтынын білмеймін» деп мән-жайды түсіндірді.
Аздап діндарлығым бар. Оның үстіне ниетім түзу. Сонымды малданып «сенсациялық суреттер түсірем» деген ойымның ағаттық екендігіне көп кешікпей көзім жетті. Күні бойы ақаусыз жұмыс жасап тұрған камерам жер асты мешітіне түскен кезде мелшиді де қалды. Былай шұқыладым, былай шұқыладым, ештеңе өнетін емес. Ақыр соңында барып экранға «батареясы отырған» деген жазу шықты. «Е, оның жарасы жеңіл ғой» деп, қайтадан жоғары көтеріліп, зарядтап алдым. Тексеріп көрейін деп айналамды түсіріп едім, тамаша! Мінсіз жұмыс жасап тұр. Қуанғаннан тік құламалары мол, ұзын сонар тау жолын әп сәтте артқа тастап жер асты мешітіне қалай тез келіп қалғанымды өзімде байқамай қалдым. Амал не, фотоаппаратым тағы істемей тұрып алды. Сонда барып әуелі Атаның рұқсатын алуым керек екендігі есіме түсті. Ата жатқан қабірдің тұсына жақындап, білген дұғаларымды оқып, рұқсат сұрадым. Сол сол-ақ екен, қолымдағы фотокамерам бейне бір қатты соққыдан құлаған адамның біраздан кейін есін жиған кезде сілкінгені секілді өз-өзінен оқыс қозғалып кетті. Қапелімде шошып кеткен мен «біссімалланы» бірнеше қайталап, оймақшаларын басып көрсем, аппаратым еш ақаусыз жұмыс жасап тұр. Дәл сол кезде мынау жалған дүниеде дәл мендей бақытты адам болмаған шығар деп ойлаймын. Армансыз-ақ түсірдім. Қуанышымда шек жоқ.
Сапарымыз сәтті болып елге оралғасын үйге кісі келсе болды түсірген суреттерімді көрсететін әдет таптым. Кезекті бір қонақтарға мақтанайын деп ноутбогімді ашып көрсем, бірде-бір сурет жоқ. Атаңа нағілет, қайдан кіргені белгісіз, бәрін вирус жалмап кетіпті. Өкіріп жылайын десем, қасымдағы кісілердін ұят. Жыламайын десем, қаншама жыл итшілеп жүріп жинаған еңбегім бір күнде, бір сәтте еш болды. Құрысыншы, басқасы ештеңе емес, Атаның суреттерін айтсаңшы. Сең соққан балықтай есеңгіреп қалған мен сәлден соң есімді жинап алдым. Болған оқиғаға сенерімді де сенбесімді де білмей іштей «ия, Бекет Ата!» деп ноутбогімді қайтадан қостым. О Құдірет,мониторы жыпылық-жыпылық етті де, экранға Атаның жерасты мешітінен түсірген суреттерім атып шықты. Басқа суреттер жоқ. Тек қана жерасты мешітінен түсірген суреттер.
Бүкіл түркі әлемінің пірі атанып отырған Бекет Ата туралы өз басыма қатысты жайтарды, сол жолы түсірген суреттерімді ойтолғату үшін оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн көрдім.
Боранбай Ғалиев,
Атырау облыстық сотының
баспасөз хатшысы.
Abai.kz