Әулиелер әлемі 4
Әулиелер әлемінің сыртқы бір белгісі – Алла жолындағы азапкерлік екені аян. Бұл құбылыс әсіресе христиан әлемінде кең тараған. Исламда сопылық қозғалыс барысында етек алды. Алайда, Алла жолындағы алғашқы азапкерлер Ибрагим ғалайссалам мен оның ұлы Ысмаил ғалайссалам екені белгілі. Сопылықтың төртінші сатысы және ең жоғарғы сатысы Ақиқатқа жеткенде адам аузына сақ болмаса басына пәле тілеп алады екен. Х ғасырдағы бағдадтық даңқты сопы Мансұр Халладж соның зардабын шекті. Оны Құдайдан безген деп Бағдад алаңында халық алдында патша жендеттері тірілей шапқылап өлтірді.
Сопыларға тән тағы бір қасиет – олардың отаншылдығы. Пір Бекет Барақ батырмен қосылып, Маңғыстауға басып кірген қалмақтарға қарсы соғысқан ғой. Ал Имам Шәміл отанын қорғап, өмір бойы орыстармен соғысты. Осы соғыстарда аталған әулиелер адам таңғаларлық табандылықтар көрсеткен. Қиындық атаулыға қайыспау олардың басты қасиеті болған. Қиынның ең қиыны нәпсіні жеңу ғой. Өзімшілдікті жеңу ғой. Қанағатсыздықты құрықтау ғой. Сопылар осынау кесапаттармен күрескен. Өмір бойы майдандасқан. Осы жолда жеңістерге жеткен. Сондықтан әулие атанған. Олар тоқшылықта тасымаған, жоқшылықта жасымаған. Осының бәрі оларға тән қасиеттердің тек сыртқы көріністері ғана еді. Жұртқа мәлім сыртқы белгілері ғана. Ал әулиелер әлемінің ішкі болмысы қандай, оны біз білмейміз.Бұл құпияны олар өздерімен бірге әкетті. Жария етпеді. Өйткені, бұл құпияны тек Ақиқатқа жеткендер ғана ұға алар еді. Былайғы жұрт бәрібір ұға алмас еді.
Әулиеліктің тағы бір сыртқы белгісі – абсолютті рухани тазалыққа ұмтылу. Алға абсолютті тазаруды мақсат етіп қою. Моральдық, ұждани тазарудың ұшар шыңына ұмтылу. Қоғам үшін сопылық қозғалыстың ең үлкен тәрбиелік мәні осы. Сондықтан да сопыларды хан да, қараша да төріне шығарып, төбесіне көтерген. Сондықтан да Әл-Ғазали: «Адамдар арасынан адалдық таба алмасаңыз, сопылар тірлігіне үңіл!» деген. Сопылардың сүйікті тәмсілі. Қожанасыр туралы. Бір күні Қожекеңнің үйіне ұры түседі. Ұрлайтын еш нәрсе таба алмай ренжіп есікке беттейді. Сонда қуыста жатқан Қожанасыр атып тұрып: «Қуыс үйден құр шықпа, бауырым!» деп үстіндегі жалғыз шапанын ұрының иығына жапқан екен. Сондықтан сопылар Қожанасырды «нағыз сопы» деп біледі. Қарап отырсаңыз, Қожанасыр сопының осы бір әрекетінде адамға деген ұланғайыр ілтипат, көл-көсір мейірім, періште пейіл, періште тазалық жатыр. Мұндай жандар шынында кісінің ала жібін аттамақ тұрмақ, өзгелер үшін өзінің соңғы мүлкін құрбан етуге бар. Мұндай жандар ашкөздік, қызғаныш, күншілдік, өзімшілдік, жаулық деген кесапаттардан ада. Бұл – әулиелік. Оның қоғамды тазартудағы ұшан-теңіз тәрбиелік мәні осы.
Соңғы мың жылда исламның сопылық қозғалысын кең тараған даламызда коррупция, суицид, гомосексуализм, педофильдік, маскүнемдік, нашақорлық, ақша үшін адам өлтіру, жаппай ажырасу, тастанды бала немесе тастанды кәрілер деген індеттердің болмауы да содан. Қоғам қанына сіңген имани тәрбиеден. Ал әлгі тізімделген індеттердің бүгінгі қоғамда бел алуы нені көрсетеді? Дәстүрлі имани тәрбиеден қаншалықты алыс кеткенімізді көрсетеді. Дәстүрлі ата-бабалар тәрбиесі – имани тәрбиеден неғұрлым аулақтаған сайын жоғарыда келтірілген індеттер соғұрлым асқына бермесе неғылсын деген қауіп мазалайды бізді. Сол індетпен, бүгінде қоғамды жайлай бастаған жаңа заман індеттерімен қалай күресеміз? Қоғамды осынау ұждандық кеселдерден қалай тазартамыз? Бұл сауалдар бізді осы тақырыпқа алып келді. Кешегі ата-бабаларымыз осынау кесапатты кеселдерді бойына жұқтырмай, мыңдаған жыл қалай өмір сүрген?! Ата-бабаларымыздың таза ұждани дүниетанымы қайдан шықты? Мұндай сауал бізді бабаларымыздың дінге негізделген имани философиясына алып келді.
Ал имани философия қайдан шықты? Дегенде, біз ақыры, ата-бабаларымыз Ұлы Далада ұстанған жол – әулиелер әлеміне тірелдік. Әңгіме осы жерге келгенде, кенет бір шатақ оқырман саңқ ете қалды. Сұрақты төтесінен қойды. «Оу, – деді оқырман. – Оу, мына, сіз келтірген мысалдар, жарайды, адам таңғаларлық тәмсілдер екен делік, бірақ, бұлардың бәрі кісі қолынан келмейтін тірліктер емес пе?! Жарайды, бірлі-жарым әулиелер болған шығар… үңгір жағалаған, бірақ, күнделікті нанын қалай табамын деп арпалысқан халықты қайтеміз?! Олар олай өмір сүрмеген ғой! Ендеше, қарапайым жұрттың қолынан келмейтін нәрсені несіне дәріптеп отырсыз?!». Орынды сауал. Бүгін ғана емес, осы сауал бұрын да көтеріліпті, осыдан ондаған ғасыр бұрын. Сонда бұл сауалға сопылар арасынан шыққан парсы шайыры Фаридаддин Аттар төмендегідей тәмсілмен жауап беріпті.
Бір күні құстар құрылтайы шақырылыпты. Ол жиынға құстар патшасы Самұрық келмей қалады. Сонда құрылтайға жиналған құстар шуылдап: «Оу, Самұрықсыз қалай құрылтай өтеді?! Шақыру керек! Патшамызды қалайда құрылтайға алдыру керек!» дейді. Құрылтай осы уәжге тоқтап, араларынан бір топ құстан делегация шығарып, Самұрықты іздеуге аттандырады. Делегация Самұрықты іздеп құс қанаты талатын шөлден де өтеді, айдын шалқар көлден де өтеді, ит тұмсығы батпайтын орманнан да, құс қанаты күйетін құмнан да өтеді. Бірақ, Самұрықты таба алмайды.Талай құстардың қанаты талып жолда қалады. Талайлары жолшыбай қарға-құзғынға жем болады. Бір топ делегациядан бес саусақтай ғана құс қалады. Олар сонда да тоқтатпайды Самұрықты іздеуді. Алған беттерінен қайтпайды, өлермендікпен. Ақыры, аспанмен таласқан тау төбесінде тұрған алтын сарайды көреді. Бұл құстар патшасы Самұрықтың сарайы еді. Салтанатты сарай алдында қарулы күзет тұр. Құстар делегациясының алдын кес-кестеп ішке кіргізбейді. Есік алдында күттіріп қояды. Күзет, алайда, жер түбінен арып-ашып, шаршап-шалдығып келген құстардың түрін көріп аяйды. Аяйды да алтын сарайдың есігін ашады. Байғұс құстар аяқтарын әрең сүйретіп ішке енеді. Ішке енсе, сарай қаңырап бос тұр. Патша құстың іште өзі тұрмақ ізі де жоқ. Айнамен қоршалған дөңгелек бос залдың ортасында үрпиісіп тұр делегация.
«Оу, Самұрық қайда?» дейді келген құстар жамырап. Сөйтсе, бұлар қай жаққа қараса да қабырғадағы айнадан өздерін көреді. Өздерінің ұсқыны жаман. Алба-жұлба, азып-тозған. Қанаттары сынған. Көздері шүңірейген. Шаршап-шалдығып аяқ үстінде әрең тұр. Құстар делегациясы қаңыраған залда қаңтарылып біраз тұрады. Бір кезде барып, топ ішіндегі жасы үлкен құстың дауысы саңқ етеді: «Түсіндім!», «Түсіндім!» дейді. «Бауырларым, түсіндім! Мына айналар не деп тұр?! «Самұрық деген жоқ деп тұр! Самұрық деген сендерсіңдер, Самұрықты іздеген!!!» деп тұр бұл айналар, өздерімізді өздерімізге көрсетіп! «Сендер Самұрықтың сарайына емес, Ақиқаттың сарайына келіп тұрсыңдар!!!» деп тұр».
Тәмсіл осы жерде аяқталады. Он ғасыр бұрын өмір сүрген әулие ақын Аттар біздің шатақ оқырманға осылайша жауап беріпті. «Іздеген табады. Жүрген жетеді. Сұраған алады. Қақсаң, есік ашылады!» деп жауап беріпті. «Ақиқатты іздеген алғашқы қадамыңнан, Ақиқат та саған бір қадам жақындайды. Ақиқатқа беттегенге Алланың нұры жауады. Табылмас өз бойыңнан табылады. Иеңіздің құдіретіне сен!!!» деп жауап беріпті. «Әулиелер сол құдірет-күшке сенгендер. Дүние байлығын өз жанынан тапқандр. Әулие болмасаңдар да ақ жолда болыңдар! Сонда сендерге де Алланың нұры жауады!!!» деп жауап беріпті.
egemen.kz