Аруақтың бар екенін мойындадым

 Өзбекстанда дүниеге келіп, Орталық Азиядағы ең көне оқу орны – Ташкент мемлекеттік универ­си­тетінің тарихшы-археолог маман­дығы бойынша тәмамдадым. Соған қарамастан қаным қазақ екенін ұмытпадым, өз жерімде, өз еліме қызмет етуді армандадым. Сол үшін 1975 жылы үшінші курс­тан кейін, ҚазКСР Ғылым акаде­миясының Оңтүстік Қазақстан археологиялық кешенді экспеди­циясының құра­мында жұмыс істеу­ге бардым. Мені Орталық Азия археология­сының патриархы деп танылған – академик М.Массон атындағы әйгілі ғылыми мектептің өкілі ретінде өте жақсы қарсы алды. Экспедицияны Кемал Ақышев пен Карл Байпақов секілді керемет ғалымдар мен ерекше тұлғалар басқарды.
Мені дипломдық тақырыбым бойынша Отырардан батысқа қарай 12 шақырым қашықтықта, Сырда­рияның арғы бетінде орналасқан «Оксус төбе» деп аталатын ескі Весидж қаласының орнын қазуға жіберді. Бұл қала билеушісінің баласы – біздің ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби болған. Еденіне күйдірілген кірпіш төселген сарай кешені төңірегінде қазба жұмысы басталып кетті. Бәлкім, осы еденмен кезінде кішкентай Әбу Насыр асыр салып ойнаған да шығар.
Университетті тәмамдағаннан кейін мені Ш.Уәлиханов атындағы ҚазКСР Ғылым академиясының тарих, археология және этнография институтына жұмыс істеуге ша­қырды.
1978 жылдың көктемінде архео­ло­гиялық экспедицияның құрамын­дағы институт қызметкері ретінде Отырарға қазба жұмыстарына жібе­рілдім. К.Ақышев пен К.Байпақов­пен бірге көне Отырар қаласының орнын аралап жүргенде, ежелгі Отырардың батыс жағында тереңдігі 3-4 метрлік шұңқырды байқадық. Сол шұңқырдың түбінде күйдірілген қыштан қаланған үлкен дуалдың шетін байқап қалдық, бұл жерде қандай да бір іргелі архитектуралық құрылыс бар деген шешімге келдік. Осы жерде ауқымды қазба жұмыс­тарын бастауға ниеттендік. Сол қазба жұмыстарын басқаруға тағайын­далдым.
Қазба жұмыстарын жүргізуге қырыққа тарта жұмысшы бөлініп, оларға басшылық еттім. Сызба сы­зылды, шым қабаты алынды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары сол жерде қабір болған екен, біз үлкен молаға тап болыппыз. Әрине, қазба жұмыстарын тоқтатуға болмайтын, бірақ моланы не істеу керектігін білмедім. Ол кезде атеистік заман және тапсырманы орындау керек болды. Сондықтан біз моланы жай қазып алып, сүйектерді топырақпен қоса үйіндіге тастап жаттық. Біртін­деп едені зерленген тақтамен қаптал­ған, күйдірілген кірпіштен салынған ірі архитектуралық құрылыс негіздері көріне бастады. Бірақ ол құрылыс әлдеқайда төменде орналасқан және қазба жұмыстарына негіз болған іргелі құрылысқа еш қатысы жоқ.
Тап осы кезде бірнеше апта бойы өзімді мазалаған бір түсініксіз жайға тап болдым: не күндіз, не түнде ұйық­таудан қалдым. Көзімді жұмып, ұйқыға кетсем, қорқынышты түстер көрем, ақ лыпа киген бір нәрсе мені қылқындырады, ащы айқай мен зарлаған үн естіледі, ал түнде бөл­мемде солар жүргендей сезінемін. Қара терге малшынып, әрең ояна­тынмын. Қайта ұйықтауға тырыссам, сол көрініс қайталанады. Сөйтіп, апталап ұйқым қашты, тіпті ұйқым қанбағандықтан, көзім қызарып кетті, тәбетім де жоғалды. Өзім кә­дімгі дінге сенуші адам ретінде, мұның бәрі моланы қазғанның кесірі деп санадым. Сол кезде бізде қазба жұмыстарында жергілікті молда, қазақша емші – «тәуіп» жұмыс іс­тейтін. Партияның дәуірі жүріп тұрған заман болғандықтан, әрине, биліктің оған деген көзқарасы түзу емес еді. Оны дүмше дейтін, сондық­тан ол еш жерде жұмыс істемейтін. Бірақ ата-бабаларымның ишан бол­ғанын ескеріп, оны қазба жұмыс­тарына алдым және оның жасы мен молдалығын ескере отырып, жеңіл жұмыс бердім; ол менің қағазға түсіру жұмыстарыма көмектесіп, жаңа қазба қабырғаларын дайындады. Жасы сол кезде қырықтың шама­сында еді,бірақ мен үшін одан әлде­қайда ересек болып көрінетін. Ұмытпасам, есімі Базатхан болатын. Оған басымнан өткен жайды айтып, кеңеспекші болдым. Ол өзі де ме­німен осы жайында сөйлеспек болып жүргенін бірден айтты. Менің айтпаса да түсінікті нашар хәлімді байқап жүр екен. «Біздің өлген адам­дардың сүйектерінің қалдықтарын үйіндіге лақтырып тастағанымыз – үлкен күнә және саған сол адамдар­дың жаны – аруақтар маза бермей жатыр, «істің соңы жаман­дыққа әкелуі мүмкін, күндердің күнінде ұйқыдан тұрмай қаласың: олар сені түсіңде тұншықтыруы да мүмкін» деді ол. Мен оған қиналып әрең оянатынымды, уақыт өткен сайын бұл жағдайдың өршіп бара жатқанын айттым. Енді не істеу керек екенін сұрағанымда, ол барлық сүйекті жинап, ақ матаға мұқият орап, бар­лық діни рәсімді орындап, сүйек­тердің қалдықтарын басқа орынға жерлеген дұрыс деді. Әрине, тез арада «құдайы тамақ» берілді – дұға оқылды, қой сойылып, құрбан­дық шалынды. Оған құрбан­дыққа шалуға қой, ақ мата сатып алуға ақша, қарамағына бірнеше адам қосып бердім. Олар мүмкін­дігінше барлық сүйек қалдығын жинап, қазба жұмыстары жүрмейтін ыңғайлы жер тауып, Құран сүрелерін оқып, оларды қайта жерледі. Молда барлық жұмысшыны үйінде берілген құдайы тамаққа шақырды. Бір таңқаларлығы, содан соң жаман түс көрмейтін болдым; қалыпты, тыныш ұйқым оралды, тәбетім ашылды, бір сөзбен айтқанда кешкі алау басында ги­тарамен ән салатын және басқа да қызықтарымен есте қалған архео­логиялық өміріміз өз арнасына қайтып оралды.
Осыдан кейін жаңа мола көрінсе, Базатхан молдамен бірге Құран оқып, ары қарай оның бригадасы сүйектерді жаймен қазып алып, ақ матаға салып, дұға оқып, барлық рәсімді жасап, басқа орынға жерлеп отырдық.
Біздің экспедицияда Орынбек есімді күзетші, ұмытпасам – үлкен ақсақал, зейнеткер жұмыс істеді. Біз лагерьге кеткен соң, ол өзінің есегіне мініп, қазба жұмыстары жүрген жерді аралап, біздің зембіл, күрек және басқа да археологиялық заттары­мызды күзетіп жүретін. Ол құдайы тамаққа жиналған елдің алдында қызық бір оқиғаны айтып берді. Өзінің есегімен Отырар қалашығын аралап жүріп, жерден шығып қалған қабырғаның бір бөлігін көрген. Өзі әдемі кішкентай күйдірілген кірпіш­терден жасалған. Қатты ұнапты, сондықтан өзінің кемпіріне сыйлық жасайын деп шешеді: қабырғаны бөлшектеп, кірпіштерін қоржынға салып, есегімен бірнеше рет үйіне тасып алады. Сөйтіп, кешкі асты ішуге үйіне келеді; әйелі ошақтың басында күйбеңдеп кешкі асты да­йын­дап жүр екен, көлеңкеде тап­шанда отырып тамақтың дайын болғанын күтеді, сол арада көзі ілініп кеткен екен. Сол кезде оған әдемі ақ көйлекті жас сұлу әйел елестеп, қолындағы шыбығын сілтеп қалып: «Ей, қақбас шал! Неге менің үйімді бұзасың?!», – дейді. «Оянып кеттім, әлгі әйелдің ізі де жоқ екен» деп айтты күзетші. Ол дереу ұлдарын жи­нап, әлгі қабырғаны қайта тұрғызыпты. Сол жерде дұға етіп, әлгі әйелдің әруағынан кешірім сұрайды. Одан қабірді ешкім бұзбайтындай етіп топырақпен жақсылап жауып тастайды.
Күндер зымырап өтіп жатты, мен саясаттану ғылымдарының докторы, профессоры атандым, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің философия және саясаттану факультетінің дека­ны болдым. Бірде өзін Пәкістанның шейхімін деп таныстырған бір кісімен бірге іс-шарада болдым. Сол жерде ол Қазақстандағы ислам діні, қазақтардың сенімі туралы, біздегi шамандық пен табыну­шылық өте көп екендігі және мүм­кін­дігінше тезірек нағыз мұсылман болуымыз керектігі туралы айтты. «Сіздер осы өмірде шындығында жоқ ата-ба­баларыңыздың рухына табы­на­сыздар» дегенге келтірді. Сонда менің оған баяғыда басымнан өткен шынайы сол бір оқиғаны айтып беруіме тура келді. «Біз мың жылдан бері ислам дінін ұстанып келеміз және біздің Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Айқожа ишан және басқалар сияқты ұлы діни қайраткерлеріміз болды. Біз, қазақ­тар, солардың филосо­фия­сымен, дүниетанымымен, олар­дың жақсы да игілікті істерімен өстік. Біз­ді үйретудің қажеті жоқ» деп түзет­тім. «Біз мың жыл бұрынғыдай аруақ­тарды ардақ тұтамыз және болашақта да ардақтай береміз. Ол «қазақтар болашақта шамандықтың бір бөлшегі ретіндегі аруақтардан бас тарта ма, жоқ па?» деп сұрады. Оған мен былай деп жауап бердім: «Ия, қазақтар аруақтарды қашан ұмыта­тынын білемін», – дедім. Оның таңданған­нан көзі жанып кетіп: «Қашан?», – деді. Мен: «Бұл дүние­дегі ең соңғы қазақтың көзі жұмы­лып, оның жаны ана дүниеде жай тапқанда, міне сол кезде қазақтар аруақ дегенді ұмытады», – деп жауап бердім.

Камал БҰРХАНОВ,
саясаттану ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

aikyn.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста