Аруақ шақырамыз деп ажал құшқан төрт студент...

Әкемнің туған апайы біртүрлі қызық әйел. Жұрт ол кісіні жын соққан деп шет-қақпайлайтын. Бірақ сөзі, киім киісі, іс-әрекеті задында жақсы адам болғанынан хабар береді. Қыз кезінде сен тұр, мен атайын дегендей белсенді, жиын-тойдың гүлі болған. Қазір үнемі тұнжыраңқы күйде ой үстіне жүргені. Тек мені көрсе болды, мәре-сәре болып жас балаша шаттанып, жылы-жұмсағын аузыма тосатын. Шешіліп әңгіме айтып, екеуіміз тәтті-пәттімен дәмдеп, ұзақ шай ішіп отыратын едік.

Бірде сабақтан босай сала сол апайымның үйіне тартып отырдым. Қаланың шетінде тұрады, жалғыз өзі. Азын-аулақ талы бар, кішкентай жеміс бақшасында арам шөп отап отыр екен. Мені көре сала дереу қолын сүртіп жіберіп, бетімнен сүйгіштеп, қалбалақтап қуанып қалды. Үйге келмеген бір айдың ішіндегі әңгімелерімді шетінен тізіп айтып тауыса алар емеспін.

- Өткенде маған гүл берген бала бар ғой, сол ұнамай қалды.

- Әй, неге, жібі түзу, тәрбиелі сияқты еді ғой?

- Өткенде ол мені түнемелікке пәтеріне шақырды. Содан-ақ ойы белгілі болып қалды, - деймін бұртиып.

- Е, қазіргі еркектерің сол емес пе, нағыз жыртқыш. Мынау менің қарындасым-ау, қыз бала-ау деген ой жоқ. Түгел бетімен кетіп, жыртқыштанып алған. Өтірік өзеурегеніне сенбе. Үйдегісін жан жарым, құдай бере салған отбасым деп-ақ жүріп, реті келсе қыздарға тиісіп қалудан бас тартпайды ғой, жарықтықтар.Тиыш сабағыңды оқы, жігіт өзі табылады. Солай деші, еее, онда керегі жоқ, - деп әлгі жігітің қылығына көңілі түсіп қалды.

Мен апайыммен қандай жігіт қандай тұрыста, қандай қимылмен қай жерде, не дегенін бүге-шігесіндейін қалдырмай айтып беріп отырамын. Ол балаша аңқылдайды.

Апайымның альбом-альбом болып жиналған фотосуретті көп-ақ. Әр суреттің өз тарихын айтып, әңгімеден әңгіме шыға беретін. Кезек үш қыз, екі ұл болып көңілді тұрыста түскен фотоға келді. Мынау жігітіңіз болған ба еді деп сұраймын әдейі ішіндегі сұңғақ бойлысын. Апайым суретті қолына алды да, терең күрсініп үндемей қалды. Ренжітіп алдым ба деп мұндайды күтпеген мен де ыңғайсыз сәттен қалай шығарымды білмей қипыжықтап, көзім жыпылықтап кеткен. Ол маған бұрылды да, «менің ең жақын достарым болатын. Бір қателіктің кесірінен олар қазір бұл өмірде жоқ» деді. Иә, тура солай деді. Сосын диванға оңтайланып жайғасып алып, мына әңгімені айтып берген еді.

Ол кезде бала едім ғой, ауылдан келе қалған бетім. Арзан, кішкентай құжыраны жалға алдым. Сондайлық ұнады. Жеке өмірге өздігімнен аяқ басуым, әрі алда мені тек жақсылық пен қуаныш күтеді деп елестетуімнің өзі-ақ тоқшылық сезім сыйлады. Техникумдағы ортам да сондай көңілді еді ғой. Ән мен би десе дес бермедім. Мен дегенде бәрінің ауызының суы құритын. Сонда жүріп осы бесеуіміз дос болдық. Әр түрлі группада оқысақ та жақсы араласып кеттік. Мынау тұрған екі қыз – Айдана мен Дәрия. Дәрия ер мінезді, қызу қанды болатын. Басына қисынды, қисынсыз қандай ой келеді, міндетті түрде барып жасайтын қыңыр еді. Айдана болса Дәрияның кері, ұяң, әрі сабақты түгел беспен оқыды. Ал мынау екеуі ағалы-інілі Жүрсін мен Қуандық. Байғұстардың әке-шешесі жоқ, детдомның балалары ғой. Сонда да бір көңілдеріне алмайтын еді өздері.

Осының бәрін бастаған Дәрия болды. Бір күні сабаққа екі өкпесін қолына алып, жүгіріп жетті. Ентігіп тұрып, оның танысы үйіне өлген адамның жанын шақырып, алда болатын оқиғалар туралы сұрап білгенін айтты. Біз күлдік те қойдық, сенген жоқпыз әрине. Бірақ оны бүгін кешке істемесек болмайды деп, ақыры кешке менің жалдамалы пәтерімде жиналатын болып шештік. Алдымен қыздардың ішінде кім бірінші күйеуге кетеді деген сұраққа жауап аламыз деп шуластық.

Кеш қарая үйде төрт көзіміз түгел жиналдық. Перделерді түсіріп, үстелдің үстіне май шам жағып, дөңгелене отырыса қалдық. Ақ қағазға әріптерді қатарымен тізіп, табақты төңкердік. Стрелканы да мұқияттап қарап бояумен сызуды ұмытпадық. Барлығымыз табақтың жиегіне саусақ ұштарын тигізе отырып, ендігі қалғаны әлгі рухты шақыру. Ойлана келе «қайсысың барсың, сол аруақ келе бер» деп жамырасқан хорымыз бөлме ішін кернеді. Отырғанымызға жиырма минутан асып кетті. Енді шыны керек жалыға бастағандайыз. Мен ұйқысырай есінеп сол жаққа басымды кенет бұрғаным сол еді, бұрышта тұрған буалдыр қара елесті көріп ауызым ашылған күйі қаттым. Елес үнсіз, қозғалыссыз бұлдырайды, ер адамның бейнесіне келетін сияқты. Жүрегім ауызыма тығылды дегенді сезініп көрген адам айтады, әсте. Ішімдегі қорқыныш тереңге тастап жібергендей мелшиіп қатып қалғам. Балалар менің мелшиіп қалғанымды көріп, барлығы сол бұрышқа көз тастасты.

Әлі есімде Айдананың көгерген қалпы, ерінін қалай жымқыра тістегені, шыңғыруға шамасы жетпегендей. Сол сәттегі минуттар ғасырға созылғандай қанша отырғанымыз есімде жоқ. Тыныштықты бұзған сол Дәрия болды:

- Қаңғырған рух! Біздің сұрақтарымызға кәне, жауап бер. Атың кім сенің?

Үнсіз тұрған қап-қара елес қозғала қоймады, ортадағы табағымыз да.

- Әй, жауап бер деймін. Сені не үшін шақырдық мұнда, - деп Дәрия кенет дүрсе қоя берді. Ол маған өзіне ұқсамай кеткендей көрінді. Қуандық ақырын жеңінен тарта сыбырлады:

- Дәрия, жындысың ба? Аруақтармен бұлай қатты сөйлесуге болмайды ғой? Есің дұрыс па, отыр, - деп жатты.

- Ол неге үндемейді енді? Мүсін сияқты қатып тұрғаны несі?! - деп айқайлаған Дәрия орынынан тұра ұмтылды. Ол өзін батыр көрсеткісі келді, әлде өзінің ішкі әлемінде бір құбылыс болды ма маған беймәлім. Елестің қасына жетіп үлгермей, буалдыр бейне жоқ болды да кетті. Мен Дәриядан да қорқып кеттім. Елестің алдындағы Дәрия өзіне ұқсамайтын күмәнді қылықтар көрсетті, әлде шалдуарлығы ма екен. Сол түні барлығымыз бірге ұйықтадық. Ұйықтадық деген аты ғана. Ұзақты түн қорқынышты түс көріп, бастырылып шықтым. Әлгі ер адамның қара түнек бейнесі төсегімнің басында тұрғандай, дауысы алыстан еміс-еміс талып жеткендей түнімен елегзіп шықтым. Таңертегісін болған жайды түк болмағандай есімнен шығарғым келді. Бәріміздің сөйткіміз келді.

Бұл түннен соң барлығымыздан түн баласы тыныштық кетті. Айдана күнде сабаққа шаршаңқы кейіпте, жылап келеді. Буалдыр түнек бейне төсегінің басына отырып алып, түнімен күзетіп шығады дейді. Ал Қуандықтың денесі өз-өзінен кесіліп қалып жүрді. Не тіліп кететінінен бейхабар ол, сондай аурудың жаңа түрі ме екен деп ауруханаға қаралмақшы да болды. Сондай бір нашар күндер басталды біздің арамызда. Бір күні түн ортасында бойым тоңазып ояна келсем, терезе ашық қалып, сыртта ұйытқи соққан жел бөлмеге жапырақтарды шашып тастапты. Күздің қара суығы. Айдың сәулесімен барлығы анық көрініп тұр. Орынымнан сүйретіле тұрып, ұйқылы-ояу қалпымда терезені жабуға бара жаттым. Кенет, иә, ол бұрышта үнсіз маған төніп қарап тұрды ғой. Ішімде бір нәрсе төмен қарай зу ете түсіп, қорқыныштан дыбысым шықпай қалды. Ішкі түйсігіммен бұл рухтың қатты ашуына тиіп алғанымызды сезіндім де, жан дүниеммен егіліп кешірім сұрауға көштім. Ебіл-дебіл жылап отырмын. Қанша уақытқа созылғанын білмеймін, есімді жисам рух көз алдымнан ғайып болған екен. Бірақ бұл дауыл алдындағы тыныштық екен. Осы уақиғадан кейін достарымыздың ішінде Қуандық көз алдымызда өзгеріп сала берді. Бұрын қой аузынан шөп алмайтын досымыз енді бізден бөлінетінді шығарды. Ағасы Жүрсіннің айтқанын тыңдамастан, өзіне қарсы шығып, жиі ұрсысатын болды. Жүрсіннің айтуынша ол мүлдем ас ішуді қойған. Ел ұйқыға жатқанда төсектен тұрып алып ерсілі-қарсылы жүреді. Бәлкім өткендегі жайт әсер етті ма екен деген уайымын айтты.

Тағдыр деші… Бәрінің осылай аяқталатынын білгенімізде ғой, шіркін… Кейін ол екеуі техникумға мүлдем келмей кетті. Хабарсыз қалдық. Артынан естуімізше Қуандық ағасын түнде пышақтап өлтірген де, полицияға барып қылмысын мойындаған екен. Өмірде не болмайды десеңші?! Араласқан ең жақын досы ретінде сотқа бардық. Сондағы аянышты, адам көргісіз түрін көрсең. Сондағы темір тордың арғы жағындағы көзқарасқа көз түйістіру деген мүлдем жан төзгісіз еді. Ол туған ағасын өлтіргеніне сенбейді, қалай жасағаны есінде жоқ. Бірақ факт бар. Амал қанша, «тірі адам тіршілігін істейді» деп қазақ бекер айтқан дейсің бе? Шыққыр көзіміз көрді, құлағымыз естіді. Қуандық түрмеде өкпе ауруынан көз жұмды ақыры. Қыршынынан қиылды деген осы. Өте бір ақкөңіл, елгезек, көңілді балалар еді. Қазір айтсаң түсің сияқты, өзім сенбеймін.

Енді қыздардан үшеуміз ғана қалдық. Мен қорқыныштың кесірінен өмір сүруге ынтам жоқ жүрдім. Әлгі түсім болса екен, оянып кетсем екен дейтін дәрменсіз адамның армандағаны осындай жағдайда болады. Дәрия болса, сол қалпы, оның ойынша бұл жағдайдың барлығы кездейсоқ тағдыр ісі. Мұның өткендегі рух-елеске еш қатысы жоқ дейді.

Ақыры мен ауылымыздағы көріпкел апаға бармақшы болып шештім, басқа амал да жоқ еді. Ауылда мал жоғалса да, адам жоғалса да сол апаға баратын. Айтқаны айнымай келеді, иманым кәміл. Үстел үстіндегі ақ жаймасын ашып қойып, сөйлеп кетті. «Қазіргі болып жатқан қайғылы оқиғаларға сенің еш кінәң жоқ. Рухпен бұлай ойнауға, дөрекі сөйлеуге болмайды. Адамдардан тірісінде зәбір көрген бұл рух онсыз да ашулы. Сондықтан тым кекті». Рухтың кім екенін сұрағанымда: «Өй, қазір әне артыңда ғана тұр ғой, жарығым. Тек сен одан қорықпа, тиіспейді саған. Өзің кешірім сұраған екенсің. Әрі сені жебейтін атаңның аруағы мен періштең мықты көрінеді. Тек мына рух сенің ол үйден кеткеніңді қалайды. Тірі кезінде бұл адам сенің үйіңнен он метр жердегі көрші үйде тұрған екен. Бір түнде қастандықпен үйін өртеп жіберген. Сол үйде шыжғырылып отбасымен жанып кеткен. Артынан ешкім іздеп бір дұға қайырмаған. Соған ызалы. Сендер келесіңдер де тірісінде көрген азабы аздай, ойыншық қыласыңдар. Енді сол маңай түгел осы рухтың мекені. Көпке қалма, жинал да көше ғой, қалқам» деді. Мұны естігенде әл-дәрменім құрып, дүниеден жырақ басқа әлемде жүргендей қорықтым. Сөйтсе де әбден титықтатқан істің соңы мен құтылар жолы болғанына іштей қуандым, десе де қорқынышым сейілген жоқ еді. «Қызым, тылсымдықтың сырын білмесеңдер сыртынан жүріп нелерің бар еді. Қазір ғана сенің жақын құрбың өртенген үйдің ішінде жанып кетті. Анау, еркекшора қыз кешікпестен құран бағыштап, кешірім сұрасын. Әйтпесе одан да кегін алмай қоймайды» деп есіктен қоштасып шығып бара жатқанда құлағыма сыбырлап айтып үлгерді апам. Жан-дәрменім қалмай, қаладан шарқ ұрып іздеп Дәрияны таптым да болған жайдың мәнісін түсіндірдім. Ол өзімді мазақтап күлсе бола ма? «Мұның бәрі ертегі ғой. Көріпкелі несі, алжыған кемпір ғой, айдаладағы. Ей, сен де бір. Әрине, мен де қайғырып отырмын. Бірақ өзің ойлап қарашы. Қуандық пен Жүрсінді айтпай-ақ қояйық. Айдананың үйі өзі бұрыннан ескі ғой. Су тиген соң ток құрылғылары өздігінен жанып кеткен. Мен кешірім сұрай салар едім. Бірақ сене алмаймын ғой, сенің көңілің үшін-ақ кешірім сұрауға тырыстым. Бірақ ештеңе шықпады. Түсінші» деп өлердегі сөзін айтты. Тылсымға сенбейтін адамдар соқыр сенімнен ада болады ғой. Қайткен күнде ғылымдағыдай анық болып, барлық дүниені көзіне бажырайтып көрсету керек. Қайтерімді білмеген мен тырнағымды тістеледім.

Бұдан соң екеуіміз хабарсыз кеттік. Бұрынғы жалдамалы пәтерден кеткен мен, тыныштықтың ең үлкен бақыт екенін түйсіндім. Тыныштық, тек жан тыныштығын қаладым да, бір сәт мына дүниеден жырақтап бәрін ұмытуға тырыстым. Өзімді алдап, тек қуанышты, мерекелік шараларда жиі болып көңілімді түсірмеуге тырыстым. Апта өтпей жатып Дәрия қоңырау шалды. «Бәріне кінәлі сенсің, кет» деп айқайлап жылап тұр. Әуелде таң қалғам, кейін негі мені кінәлағанын әлікүнге түсінуге ақылым жетпеді. Ақыры ауылдағы абыз апамның айтқаны дәл келді. Ай өтпей Дәрия есінен ауысты. Мамасының айтуынша түні бойы тыныштық болмаған. Әлде бір ер адамның бейнесіндегі елес құлағына сыбырлап, басын күзетіп отырып алып жүрген. Ал бірде таңертең сабаққа оятуға келсе, төсекте шашы жұлынып, денесі тырналған жансыз күйде үстінен түскен. Зерттеуде анықталғандай жүрегі тоқтап қалған екен. Иманды болғыр-ай, кешірім сұрай салса осы күнде аман отырар ма еді.

Енді міне қалғаны өзіңе аян, өстіп «есі ауысқан» деген атаққа қалып жалғыз қалдым. Алайда бұрыңғы ескі үйге анда-санда құран бағыштап қайтамын. Қазір ол жер өзгерген. Құрылыс жүріп жатыр. Жаңа үйлер бой көтерген. Мүмкін рух та тыншыған болар, кім білсін. Жас едік, көп нәрсенің байыбын ұға бермейтін ақымақ едік…\

Автор: Қанымгүл Сатай

alashainasy.kz/

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста