2011 жылы Павлодар облысына қарасты Ақтоғай ауданының тұрғындары үрей құшағына енген. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғандай сүлесоқ күй кешеді. Тіпте кешке қарай ауылдан алты қадам аттап басуға қорқады.
Оған себеп ел арасында «Ақтоғай ауданының жиектегі ауылдарында «тұяқты қыз» пайда болыпты» деген сөздің тарауы еді. Яғни, сол аймақта адам басты, екі тұяқты кентавр пайда болыпты. Бұл соқыр сенім бе, жоқ әлде «самауыр қайнады» дегенді «Самарқандты су басты» деп өсіріп жіберетін өсекшілдік пе, тылсым күш пе, не екенін ешкім тап басып айта алмайды. Себебі «тұяқты қыздың» қолынан ұстап, шашынан сипап көрген ешкім жоқ. Ауыл айтқыштарының сөзіне құлақ түрсек, қауесеттің шығу тамыры былай өріледі.
Түн ортасында Жоламан ауылының қасындағы күре жолда көлігімен келе жатқан жүргізуші қараңғыда жол жиегінде қол көтеріп тұрған қызды көреді. Жарым түнде бейшара қыз не пәлеге душар болды екен деп тоқтап, барар жерін сұрап ала кетеді. Жол барысында жүргізуші алдыңғы орындықта отырған қыздың аяғының орнында тұяқ екенін көріп, зәресі зәр түбіне түседі.
Бақытқа қарай көлігі сөніп қалады, ал қыз итеріп жіберейін деп ұсыныс айтады. Қыздың далаға шыққан соң мәшинасының кілтін бұрайды. Абырой болғанда, көлігі от алып кетеді. Сол сәтті пайдаланып әлгі шопыр алды-артына қарамай қаша жөнеледі. Құтылдым-ау деп ызғытып келе жатқанда ғайыптан алдыңғы орындықта әлгі қыз қайта пайда бола кетеді. Қорыққаннан тілі күрмеліп отырғанда қыз «аға сіз бара беріңіз, келесі жолы да сізбен барамын» деп табанасты жоқ болады. Ауыл адамдарының арасында «әлгі кентавр ару жол маңындағы зираттан шығып, түні бойы жол тосып, таң сібірлей бастағанда қайтадан қорымға кіреді-мыс» деген қауесет те тарап үлгерген.
Осыны естіп алған ақтоғайлықтар қазір түн баласы түссе болды жолға шығуға шошынып қалған. Әрине, түн ішінде тұяқты қыз келіп сәлем беріп тұрса қорыққаннан жаһаннамға қарай жүре берерсің. Құдай сақтасын! Бірақ бұл аңыз ба, жоқ әлде жай сөз бе, мүмкін, белгісіз бір тылсым шығар? Тап басып жауабын айтатындар аз.
Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы Жолдас Қоспақұлының айтуынша, адам көзіне түрлі жын-шайтандар елес болып көрінуі мүмкін. Және мұндай оқиғалар жайлы тек қана Павлодарда емес, басқа да облыстарда да сөз болған. Қабірден жын-шайтандар түрлі кейіпте шығады деп те айтылады. Дегенмен соншалықты мән беріп, дабырайтып көтеріп, өрістетіп жіберуге болмайды. Яғни адам баласы мұндай елеске жолықса іштей дұғасын айтып, Құдайдан жәрдем сұрап жүре бергені абзал. Ал елдің арасында әртүрлі өсек-аяң таратып, қорқытып-үркітудің қажеті шамалы.
Сонымен, Ақтоғайдағы қорымнан шыққан қыз кентавр кім болды екен? Тек айтар бір ғана уәж бар. Мұндай сөздерден бойды тасалау үшін ең бірінші иманды бекіту керек болар.