Ораза ұстау – бес парыздың бірі. Сондықтан жарлы да, бай да, Иван да, имам да тең құқылы. Ауыз ашарда дастархан басы барлығына ортақ. Төр менікі, босаға сенікі деген «еркелік» жүрмейді мұнда. Кеше бір айтулы ауызашарда кешіге келген мешіт қауымы (қазір осындай бір ұжым шыққан): «Жамағатқа төрден неге орын алып қоймағансыңдар?» деп, бүйректен сирақ шығарып, босаға жаққа отырмай қиғылық шығарды. Енді ғана дәм ала бастаған қауым не асқа қарарын білмей, не ас-су ішерін білмей, шайнағандарын жұта алмай абдырап қалды. «Дастархан дәмі бір, мұнда отыра беріңіздер» деп, ірге жақты нұсқаған үй иесінің сөзін әлгілер елең де қылған жоқ. Өңшең сәлделілер мен сақалдылар тікесінен тік тұрып, дегбірімізді алып бітті тіпті. Өткенде бір үйде көше (махалля) имамы: «Ауызашарда палау баспай, ет асыңдар, түге!» деп ас мәзірін бас аспаздай «сызып» беріп еді. Ендігісі – мынау...
Қазір жамағатқа жағамыз деп, өзіміз отырмасақ та төрден орын алып қойып жүрміз. Сіздерде қалай? Байқамай төрге отырып қойған жоқсыздар ма?
facebook.com парақшасынан