Жанкелдіге тағы бір жауап.
Жәке, байқайсың ба? Орыстарды мақтаймыз. Олар спорттың бір түрінен, ары кетсе туыстас екі түрінен жүргізеді. Сол спорт түрін зерттейді, терминдерін жаттайды дегендей. Олар жақсы жүргізбегенде кім жақсы жүргізеді. Біздің комментаторлардың қиналып жатқаны осы. Терминдері мен тарихы мүлдем жуыспайтын велоспорт пен семсерлесу, бокс пен күрес, теннис пен жүгіруді қатар майқалмай жүргізу (мысал ретінде айтамын) мүмкін бе? Өзің де спортты жақсы білесің. Әлемде 200-ден астам спорт түрі бар. Олардың туыстас тағы осынша түрі бар. Бәрін білу мүмкін бе, терминдерін атамай-ақ қояйық. Боксты сен өте жақсы білесің. Зерттеп жүрсің. Мысалы, саған боксты жүргізіп отырып, күрес ке жібере салсын, күресті (оның нешеме бір-біріне ұқсамайтын түрі бар, мысалы грек-рим күресі мен дзюдо) бір күн жүргіздің, енде-енді бір нәрсе білдім бе дегенде ертесіне ауыр атлетиканы жүргізесің дейді. "Жоқ" деп бас тартасың ба? Олар осы саланың солдаты емес пе? Тапсырғанды орындайды. Әлгі екі жігіт бокстан бастаған, сосын ауыр атлетика, сосын дзюдо, сосын грек-рим (қазір репортаж жасап отыр, дауыстарын, сөйлеу мәнеріне қара, қалғанын жанын салып ізденсе, алып кетеді, я даусы, я дикциясы жоқ азаматтар да жүр ғой) күресін жүргізді. Осы спорт түрлері бір-біріне ұқсай ма? Өзің білетіндей, тек бокстың термині қаншама, тарихы қандай бай? Сенің қабілетіңді, осы саланы зерттеп жүргеніңді білемін. Ал комментарий жасай қалсаң, қатты қиналатыныңды да білемін. Біз мына жігіттерге де сол тұрғыда қарайық. Әмбебеп болған жақсы, бірақ өзің білетін, өзің сүйетін, өзің құрметтейтін, өзің ішінде қайнап өскен спорт түрін жүргізгенге не жетсін! Маслаченко, Перетурин, Майоровтар секілді... Алла дМитова секілді. Сонда ғана сапалы болады. Цыбулин секілді басшы бізде ондай мүмкіндік жоқ" деп отыр. Адам жетіспейтін көрінеді. Мен оған соншама сене бермеймін. Ол сапасын айтып отырған шығар. Мықтыларды қайта шақыр. Үлкендерді айтпай-ақ қояйық, Амангелді Сейітқан, Есей Жеңісұлы, әлгі екі азамат, бұрын жүргізіп жүрген, "жұмыс жасаушы" Жандос бар, Төлеген бар, Ермаш бастаған жас перілер бар. Олар өте көп. Ермек, Ержан, т.т. Асхаттың өзі бар. Көп тек оларды ана спорттан алып, мына спортқа салып, жұртқа масқара еткеннен гөрі туыстас екі-үш спорт түрін жекелендіріп беріп қой. Ертең-ақ қазақ теле комментаторлар мектебі қалыптасып, репортаждарымыз ел қызығып тыңдайтын, "пәленше былай деп қатырды, шіркіннің тілін-ай" деп тамсанып отыратын боламыз. Соған жетуді ойлайық. Әйтпесе, Жанар айтты деп, орыстармен салыстырудың бір тиынға керегі жоқ. Олардың да жетістіріп отырғандары шамалы. Қазақ әріптеріне тілі келмей, тілін тістеп отырады. Айналдырған 9 әріпті Қазақстанда туып, Қазақстанда жүріп білмеу - трагедия. "О" ("а") әрпі туралы, Алматы (Алматый) туралы айтпай-ақ қоялық. Сондықтан әлгінде айтқандай іліп алар комментаторларымызды қайта іріктеуден өткізіп, спорт түрлерін бөліп беріп, жауапкершілік жүктейік. Меніңше, сонда ғана тілге деген жауапкершілік оянбақ. Тілі өткір, спортты жақсы білетін, даусы жағымды комментаторлар аспаннан түспейді, шет жағасын айттық, азаматтар жұмыс істесін. Сонда ғана екеуміз басқаша сөйлейміз, "жұмыссыз қаламыз", қысқасы. Сол күнге қашан жетер екенбіз. Айтпақшы осы жылдан бастап ЕҰУ-де "Комментатор шеберлігі" оқу курсын бастап қалуымыз бек мүмкін.
Дүрәлі Дүйсебай
Facebook-тегі парақшасынан