Осы кезде ерлі-зайыптылардың арасында ұрыс-керіс жиілеп кетті. Кейде сол даудың терең түбіне ой бойлатып, таразылап қараймын. Түкке тұрғысыз мәселе. Бірақ айтыс-тартыс неге ушықты?
Көбінесе екеудің бір-біріне иілмеуінен туындайды. Ұрысар, керісер. Олар татуласуы да, екі жаққа айырылысып кетуі де мүмкін . Себебі жұбайлар арасында мұндай жанжал барлық елде, ұлтта, үйде болатын көрініс.
Өкінішке орай , онсызда маздап жанған сезімді өшіруге белсенді туыс, ағайын кірісіп, үдетеді.
Кеше 5 баланың анасы жылап хабарласты. Ерімен он жыл отасып, үй салады. Көпбалалы келіншек енді бейнеттің рахатын көремін дегенде ата-енесі, қайын әпкесі отбасындағы ұрысты үдетіп, отқа май құйыпты. Мұндай жағдайда қамқор туыстары әйелді кінәлап, еңгезердей еркекті қорғап, шаңырақтың быт-шытын шығарған. Тіпті 5 баланың әкесіне заңды некедегі жарымен ажыраспай жатып, бір әйелді тауып береді. Таныстырады. Отағасы оны үйіне кіргізіп , бір төсекте ұйықтайды.
Екеудің арасына есі кеткен түседі. Елу жасқа таяған еркек енді екі қатынның ортасында күнде даудан басы арылмай отыр. Заңды әйелі балаларымен үйді босатпаймын деп, ешқайда кетпеймін деп шешіпті.
Сонда 5 баланың әкесінің ар-ұяты жоқ па? Ақылы қайда? Өз балаларын үйден қуатын құқығы бар ма? Өйткені екеуі үйленген соң, сол баспананы салған ортақ мүлік.
Балаларын қорғамайтын, өз отбасына жау мұндай адамның ақыл-есі бүтін екеніне күмәнданып отырмын. Әйеліне айтпай, күйеуінің әкесінің атына үйді рәсімдеуі тіптен заңсыз.
Менің жазбамды оқитын ер азаматтар бар ма? Сіздер бұған не айтасыздар?
Жалпы отбасында болып жатқан жанжалға кірісіп, онсызда эмоциясы жарылар күйде отырған екеудің арасындағы дауды ушықтыратын адамдар бес баланың тағдырына неге алаңдамайды? Өзінің ұлының кіндігінен тараған ұрпағына қатыгездік жасаған туыстарға Жаратқанның өз жазасы бар. Өйткені періштелердің көзінен аққан әр тамшының ақыретте сұрауы бар шығар. Осы хикаяны естіп, жүрегім ауырып отыр.
Сіз не ойлайсыз? Енді ері әйеліне түрлі күйе жағып, балағаттап, маза бермейтін көрінеді. . Әлгі бес баланың психикасы не болды екен?
Өз шырағыңды сөндірмес бұрын ойыңды негативтен тазала! Біреуді емес, өзіңнің ішкі жан-дүниеңді тыңда. Отбасыңды қорға дейтін қариялар да азайып кетті. Өкінішті.
www.facebook.com парақшасынан